Елордалық конкуршылар Челябідегі жарыста ел мерейін аспандатты
Астаналық арғымақтар Ресей даласын дүбірлетті, деп хабарлайды 24kz.
Елордалық конкуршылар көрші елдің Челябі қаласында өткен беделді жарыста арқаланып шауып, ел мерейін аспандатты. «Арғымақ» ат спорты клубының сайыпқырандары шаң қаптырмай, 33 мәрте жүлде тұғырынан көрінді. Олар 12 алтын, 10 күміс және 11 қола медаль жеңіп алған.
Ат жалына жабысқан елордалық шабандоздар Ресейде атой салды. Олар Челябі қаласында өткен беделді конкур жарысында 33 жүлде иеленіп, ел мерейін асқақтатты. Бұл сайыс нағыз шеберлер мен жүректілердің майданына айналды.
Әділхан Төкенов, «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінің жетекшісі:
- Біздің спортшылар 3 жас санатында қатысты. Барлығы сәтті өнер көрсетіп шықты. Нәтижесінде 12 алтын, 10 күміс және 11 қола медаль еншіледі. Біздің елде осы конкур спортының енді қолға алынып келе жатқанын ескеретін болсақ, бұл өте тамаша көрсеткіш.
Тұлпар тұяғы дүбірлеген топырақта ел намысын «Арғымақ» ат спорты клубының сайыпқырандары қорғады. Жарыс тек сын емес, шыңдалу болды. Жас жеткіншектер алғаш рет шекара асып, халықаралық аренада бой көрсетіп, қарсыластарынан именбей, өз күшін дәлелдеді.
Қылышбек Ғаппар, конкуршы:
- Челябинск, Москва арасындағы аудандар, Екатеринбург болды. Біз Қазақстаннан командада 13 адам болдық. 13 адам конкурдан қатыстық. Мен бірінші орын алдым – 1 метр 15 см. Бір рет екінші және екі рет үшінші орын алдым. Бізде бұл жаңа рекорд жасөспірімдер арасында.
Айта кету керек, «Арғымақ» кешені тек шабандоз ғана емес, өмірге сенім ұялататын орын. Мұнда ерекше балаларға арналған иппотерапия да жолға қойылған. Бұл – жан мен жануар арасындағы үнсіз тілдесу, жүрекпен емделу.
Авторлары: Риат Шони, Ғалымжан Абдылахат