Елордада «Run for Autism» қайырымдылық марафоны өтті

Елордада аутизм мәселесіне қоғам назарын аудару мақсатында «Run for Autism» қайырымдылық марафоны өтті, деп хабарлайды 24KZ. Биыл үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылған жарысқа елдің түкпір-түкпірінен үш мыңнан аса адам қатысты. Олар бір және 10 шақырымға дейінгі қашықтықтарды бағындырды.

Игі шара аясында жиналған 22 млн теңге инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға жұмсалмақ. Спорттық шараға «Болашақ» корпоративтік қоры ұйытқы болды.

Динара Гаплан, «Болашақ қоры» қамқоршылар кеңесінің төрайымы:

- Спорттық шараға қатысушылардың саны жыл санап артып жатыр. Елордаға келе алмаған 28 адам марафонға онлайн режимде қатысып, белгіленген межені өз қаласында жүгіріп өтті. Сонымен қатар Стамбул, Мәскеу, Лондон сынды әлемнің ірі қалаларында да бұл марафон жалғасып жатыр.

Марат Баукенов, қала тұрғыны:

- 68-ге кетті жасым. Марафон денсаулыққа жақсы ғой. «Үйде отырмаңдар, жүгіріңдер, спортпен айналысыңдар», – деп жастарға айтып жатырмыз. Күш болады ғой.

Марафонға дамуында ерекшеліктері бар 100-ден астам бала қатысты. Қазақстанда аутизм диагнозы қойылған 15 мыңнан астам бүлдіршін бар, оның 7 мыңға жуығы – мектеп жасына дейінгі балалар.

Елдос Иманбаев, ата-ана:

- Баламыз екеуміз спортпен шұғылданғанымызға 8 жылдай болды. Мен өзім жас кезінен аутизмге шалдыққанын біліп, өзім айналысып жүрмін. Дәл осы шараға екінші рет қатысып тұрмыз. Осындай марафондарға қатысқанымыз, біріншіден, бұл бала кішкентай кезінен спортқа жақын болғаннан кейін жүгіруді жақсы көреді. Екіншіден, қоғамның назарын осы тақырыпқа аудару.