«Ұлы дала жорығы» марафонына дайындық жүріп жатыр
Қоржынымызда 11 медаль. Ташкент қаласында конкурдан халықаралық рейтингілік турнир және әлем кубогының кезеңі өтті. Оған қатысқан Қазақстан спортшылары сәтті өнер көрсетті. Ксения Баталова үш рет жеңіс тұғырына көтерілді. Сонымен қатар Нұрила Тұрысбекова, Даяна Онаева, Бекжан Байжанұлы және Олег Соболенко жүлдеге ілікті.
«Ұлы дала жорығы» марафонына дайындық
Жорық қатысушылары жолға шықты. Бірер күннен кейін 500 шақырымдық бәйге-марафон басталады. Онда бақ сынайтын командалар Алматы облысын бетке алды.
«Ұлы дала жорығы» биыл да халықаралық форматта өтеді. Оған 20-дан аса команда қатысады деп жоспарланып отыр. Әсіресе Қырғызстан, Татартсан, Башқұртстан, Қарашай-Шеркеш, Түркия, Венгрия, Иран және Оңтүстік Африка құрамалары жолға шыққандарын хабарлап, жоғарыдағыдай видеоларын жолдап жатыр. Бұған қоса еліміздің түкпір-түкпірінен жыл сайын дәстүрлі қатысып, бәйгенің көркін қыздырып жүрген командалар бар. Олар да қазір Қонаев қаласына келе жатыр. Биылғы бәсекені Алматы облысы қабылдайды. Яғни қатысушылар осы аймақтың таулы-қыратты аумақтары арқылы 500 шақырымды жүріп өтуі керек. Бәйгенің өзі 10 мамыр басталады және 5 күнге созылады. Оған қатысушылар жарыс өтетін жерге ертерек жетіп, климатқа үйреніседі және аттарын жаттықтырады. Бәйге-марафонына бір күн қалғанда жеребе тарту рәсімі өтеді және баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады.
«Ұлы дала жорығы» бәйгесі кезінде асылтұқымды жылқылар көрмесі өтеді. Ол жерде елімізде өсірілетін ерекше жылқы тұқымдарымен танысуға болады. Бұл жөнінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев мәлімдеді. Ол «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында жорық тек спорттық сайыс емес, ұлттық рухымызды көтеріп, тарихи болмысымызды танытатын жоба екенін алға тартты. Осы мақсатта 5 күнге созызатын ат жарысы кезінде арнайы көрме ұйымдастырылмақ. Оған келушілер жылқы тұқымдарымен жақын танысып, жылқы шаруашылығының дамуына терең үңіледі. Айта кетейік, биылғы бәйге-марафонда Алматы облысы қабылдайды және 9-14 мамыр аралығында өтеді.
Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:
- Қазіргі таңда бес күндік бәйгеге бірнеше шетелдік команда қатысуға ниет білдіріп отыр. Бұл азамат пен қазанаттың қайрат-күші мен ерік-жігері сыналатын үлкен дода. Шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылатынына сенім мол. Осы мақсатта асылтұқымды жылқылар көрмесін өткіземіз. Сонымен қатар қазақ халқының мәдени мұрасын тереңірек таныту мақсатында этноауылдар, фотоаймақтар мен интерактивті алаңдар жасалады. Біз тек спортшыларды ғана емес, халқымыздың тарихи болмысы мен мәдени құндылықтарын да бүкіл әлемге танытуды мақсат етеміз.
Әлем чемпионатына дайындық
Бірер күннен кейін хоккейден де әлем чемпионаты басталады. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы элиталы топта ойнайды. Олега Болякин баптайтын жігіттер қазір елордада жарыс алындағы дайындықты пысықтап жатыр. Тіпті бірер жолдастық кездесу өткізу де жоспарда бар. Мәселен, кеше ғана Қазақстан құрамасы Ресей командасымен кездесіп, 1:4 есебімен есе жіберді. Енді ертең Беларусь жігіттерімен дәл осындай форматта кездесу өтеді. «Осы матчтар барысында ұлттық құрамадағы кем-кетіктерді ескеріп, шеберлікті барынша шыңдауға тырысамыз», – дейді мамандар. Ал әлем чемпионатының өзі 9-25 мамыр аралығында өтеді. Оны екі бірдей ел, яғни Швеция және Дания қабылдайды. Дүниежүзілік додаға ең мықты деген 16 команда қатысады. Олар екі топқа бөлінген. Қазақстан «В» тобында өнер көрсетеді және Норвегия, Дания, Германия, Венгрия, Чехия, Швейцария, АҚШ құрамаларымен кездеседі.