Қостанай облысында пара және сурдо спортшылар саны 300-ге жуықтады
Қостанай облысында пара және сурдоспортпен шұғылданатындардың саны 300-ге жуықтады. Олардың арасында әлемдік ареналарда ел намысын қорғап, жүлделі орындарға ие болған спортшылар аз емес. Кейінгі жылдары аймақта ерекше қажеттілігі бар балаларды жүзуге баулу ісі де қарқын алған. Бұл бағытта арнайы жаттықтырушылар мен бейімделген бассейндер жұмыс істеп тұр.
Олимпиадалық стандартқа сай келетін мынау заманауи бассейн осыдан үш жыл бұрын салынды. Қазір мұнда кәсіби спортшылармен бірге аптасына 4 күн мүгедектігі бар балалар да суда жүзіп, шеберліктерін шыңдайды. Шынымен, бұл жерде ешкімді кемсіту, мүсіркеу жоқ. Жоспарланған жаттығуларды жасау бәріне міндет.
Оқытушы-бапкер Татьяна Борисенко пара спортшыларды, яғни қол-аяғы кеміс, көзі нашар көретін балаларды жаттықтырады. Қазір оның тобында 7 жастан 18 жас аралығында 10 адам бар. Жеті жылдан бері мүгедек балғындарды суда жүзуге баулып жүрген бапкердің өзіндік әдістемесі бар.
Татьяна Борисенко, оқытушы-бапкер:
- Әрқайсысымен күш-қабілетіне қарай жеке тәсіл қолданып, жұмыс істейміз. Біз оларды мүгедек деп санамаймыз. Алдыға мақсат қойып, соған жетуге жетелейміз. Бір сөзбен айтқанда, салауатты өмір салтына бейімдеп қана қоймай, спорттық нәтижелерге, үлкен жеңістерге ұмтылуға тәрбиелейміз.
Келесі топта сурдо спортшылар, яғни құлағы нашар еститіндер. Оларды үш жылдан бері тәжірибелі бапкер Екатерина Бодрова жаттықтырады. Жақында оның тәрбиеленушілері республикалық чемпионаттан 15 медаль қанжығалап қайтты. Мария Сотникова деген шәкірті биыл Токио қаласында өтетін Сурдлимпиада ойындарына жолдама жеңіп алған. Жаттығу кезінде бапкер балалардың әр қимыл-әрекетін көзден таса қылмайды.
Екатерина Бодрова, сурдо суда жүзу бапкері:
- Ең бастысы ым-ишара әліпбиін білу маңызды. Кейде рас, түсінбей қалып жатамын. Олар маған үйретеді, көрсетеді. Менің балаларым өте сезімтал. Қимылмен көрсеткенімді бірден ұғынады. Сондықтан жаттығу кезінде бір-бірімізді жақсы түсінеміз.
Жалпы Қостанай облыстық мүгедектер спорт клубында 32 бапкер жұмыс істейді. Олар 27 спорт түрі бойынша жаттықтырады. «Шыдамы жетпей, төзімі таусылып, тастап кеткендері де болады», – дейді клуб басшысы Абзал Уәлиев.
Абзал Уәлиев, облыстық мүгедектер спорт клубының басшысы:
- Біздің клубқа келіп, жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келмейді, шын айтсақ. Ол енді бапкерлер жүрегі жұмсақ, мейірімді адам болу керек. 19 спорт объектісінде дайындаламыз. Соның екеуі жалдап отырамыз. 17-ін тегін береді бізге.
Облыс басшысы мүгедектігі бар жандарға жеке спорт базасын салып беретіндігін айтыпты. Абзал Уәлиев: «Ондай орталық пайда болса, жұмысымыз біршама жеңілдер еді», – дейді.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров