Шри-Ланкада Дүниежүзілік әскери спорт ұйымының 80-ші конгресі басталды
Шри-Ланканың Коломбо қаласында Дүниежүзілік әскери спорт ұйымының 80-шы конгресі басталды. Аталған шарада СИЗМ-нің жыл басынан бері атқарған жұмыстары жан-жақты талқыланып, алдағы жоспары жасалды.
141 елден келген әскери қызметкерлердің арасында қазақстандық делегация да бар. Біздің ел әскери спорттағы жетістіктерімен осы ұйымда үлкен беделге ие болды.
Жандос Айтбайұлы, тілші:
- Спорт арқылы әлем әскерлерінің достық қарым-қатынасын нығайтып, бірлік пен татулыққа үндеу мақсатында құрылған СИЗМ қазір ХОК-тан кейінгі ықпалды ұйымдардың бірі. Қазақстан бұл ұйымға 1993 жылдан бері мүше. Дүниежүзілік әскери спорт ұйымының XX конгресі бүгін ресми түрде ашылды.
Арман Әбеуов, ҚР Қорғаныс министрлігі спорт комитетінің төрағасы:
- Бүкіл әлемдік әскери конгресс бүгіннен басталды. Бір аптаға созылады. Әртүрлі тақырыптар талқыланып, сұрақтар шешіледі. Ал Қазақстан делегациясының өз миссиясы бар.
Қазақстан делегациясының басты миссиясы төл спортымызды, дәлірек, айтсақ, қазақ күресін СИЗМ спорттық бағдарламасына енгізу. Алғашқы қадамдар жасалды. Тамыз айында Астанада қазақ күресінен тұңғыш рет әскерилер арасындағы әлем чемпионаты ұйымдастырылады.
О Ёнг Де, Оңтүстік Корея Республикасы Қорғаныс министрлігі жоспарлау бөлімінің басшысы:
- Корея мен Қазақстан әскерилер арасындағы спорттық қарым-қатынасты нығайту жөнінде бүгін бірқатар келісімдер жасастық. Қазақ күресінен Астанада өтетін әскерилер арасындағы әлем чемпионаты өте жоғары деңгейде өтеріне сенімім мол.
Дәл осы конгрессте ұйымның Азия аймағы директорлар алқасының сайлауы өтеді. Қазақстандық делегация атынан спорт коммитетінің төрағасы Арман Әбеуов бақ сынауға бел буып отыр.
Жандос Айтбайұлы, тілші:
- Конгресстің шымылдығы түрілді. Алда әлі төрт күндік жұмыс бар. Қазақстандық мамандар әлем елдерінің алдында сөз алып, төл күресіміздің қыр-сырын жан-жақты таныстырады. Және шеберлік сабағын өткізеді. Сайлауға түскелі отырған Арман Сайлауұлына сәттілік серік болсын дейміз.
Авторы: Жандос Айтбайұлы