Қазақстан бокс федерациясы өткен жылды қорытындылады
Астанада Қазақстан бокс федерациясы өкілдері бас қосып, өткен жылды қорытындылады, деп хабарлайды 24kz.
Жиында жеткен жетістіктер мен алдағы жарыстардың күнтізбесі жарияланды. Басты мақсат – World Boxing ұйымы аясында өтетін әлем кубогы мен әлем чемпионатында топ жару.
Мерей Қанапия, тілші:
- Былтыр қазақстандық боксшылар халықаралық деңгейдегі бірнеше жарысқа қатысты. Соның ішінде ең үздік көрсеткіш әйелдер арасында Сербияда өткен әлем чемпионатында тіркелді. Ол кезде отандастарымыз 3 алтын, 2 күміс, 1 қола еншілеп, жалпы командалық есепте 2-орын алды. Енді федерация өкілдері мен боксшылар бұл нәтижені одан әрі жақсарту үшін алдағы жарыстарға тыңғылықты дайындалып жатыр.
Сондай-ақ жиында өңірлердегі боксты одан әрі жандандыру, дамыту жақтары қозғалды. Яғни, спорт кешендерін көптеп салу, жас спортшылар санын арттыру басты назарда. Бұл тұрғыда Түркістан облысының нәтижесі көңіл көншітеді.
Алда Қазақстан құрамасын World Boxing ұйымы аясында өтетін Әлем кубогы кезеңі күтіп тұр. Ол 30 маусым мен 7 шілде аралығында Астанада өтеді. Бұл турнир күзде Англияның Ливерпуль қаласында өтетін әлем чемпионаты алдындағы маңызды жарыс.
Авторлары: Мерей Қанапия, Қайрат Ақтөреев