Мерей Ақшалов: Абылайханның жеңілісіне бапкер мен дәрігер жауапты
Абылайханнның жеңілісіне бас бапкер жауапты. Бұл жөнінде Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов мәлімдеді, деп хабарлайды 24kz.
Айта кетейік, Астанада бокстан Әлем кубогы өтіп жатыр және алғашқы күні күтпеген нәтиже тіркелді. 70 келіде ұлттық құраманың үздігі Абылайхан Жүсіпов қырғызстандық Алмаз Оразбековпен кездескен еді. Бірінші раундта да, екінші раундта да Абылайхан 5:0 есебімен алға шықты. Ал, үшінші раундта қабағы жыртылып, төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Мерей Ақшаловтың айтуынша, бұл жағдай қарсыластың қатты соққысынан орын алды. «Яғни, баспен бастың түйісуі не қандай да бір лас әрекет болмады. Сондықтан ережеге сәйкес жеңістің қырғыз боксшысына берілуі дұрыс», - дейді. Енді бұл жағдайға жарыс аяқталғаннан кейін бас бапкер Қайрат Сәтжанов арнайы түсіндірме береді. «Бұған қоса, жарақатын біле тұра, жарысқа қосқан дәрігерлер де жауапты», - дейді Мерей Ақшалов.