Конкуршылар аттарды қалай дайындайды?
Конкур - ат спорты түрлеріндегі ең қымбат ойын.
Әлемде бәсі биік бұл спортта отандастарымыз да бағын сынауға бейіл. Алайда қолбайлау болып тұрған мәселелер баршылық. Салдарынан спортшыларымыз олимпиада ойындарына лицензия беретін әлемдік жарыстарға қатыса алмай отыр.
Қазақ ежелден көкпардың аттарын семіртіп жаратады. Бәйгенің аттарын арытып дайындайды. Ал конкурдың аттарын қалай дайындайтынын көпшілік біле бермейді. Қазір сала мамандарымен сұхбаттасып, жауабын білеміз.
Конкуршылардың ат қорасына кез келген адам кіре алмайды. Жылқыларға тіл-көз тиеді деп қорқады. Тіпті қастандық жасайды деп қауіптенеді. Қанша дегенмен ат спортындағы ең қымбат тұлпарлар осы конкурға тиесілі. Әр жылқының құны 30-40 мың доллар шамасында. Сондықтан ат қора өте қатаң күзетіледі.
Нурила Тұрысбекова, конкурдан ұлттық құрама мүшесі:
- 10 жастағы айғыр. Оны Германиядан әкелді. Маған орындар алып берді. ҚР кубогынан 1-орын алдық. Біздің спортқа ерекше аттар керек. Жиі неміс аттары таңдалады. Олар селекциямен осы спортқа бейімделіп өсірілген.
Иә, қазір күллі әлем әсіресе еуропалық конкуршылар бірыңғай неміс тұлпарларын таңдайды. Олар табиғатынан белсенді әрі секіруге бейім. Себебі Германияда 70 жыл бұрын арнайы селекция яғни аттарды осы спортқа дайындайтын дәстүр қалыптасқан.
Әсет Толқынбеков, конкурдан ұлттық құраманың бас бапкері:
- Бұл жылқылардың қаны да біздің жеті атамыз секілді. Бұлардың тектері де конкурмен айналысады. Артымызда келе жатқан бұл Қолтума. Қаны неміс болғанымен Қазақстанда туған. 3 жасар құнан. Оның әкесі Әлем чемпионатына қатысқан. Аттарды 3 жасынан бастап жарыстарға дайындаймыз. Бірақ халықаралық жарыстарға 7 жасынан бастап қатыса алады. 4 жыл уақытымыз тек дайындыққа кетеді.
Нурила Тұрысбекова, конкурдан ұлттық құрама мүшесі:
- Мысалы, қазақтың тұқымы олардың денсаулығы мықты болады. Суық ауа райына төзімді. Бұл табиғи өсірілмейді. Олардың денсаулығын үнемі қарап отыру керек. Режим болу керек. ------Алдағы мақсатым Әлем кубогы мен Азия чемпионатына қатысу.
Конкур олимпиада ойындарының құрамында бар. Алайда спортшыларымыз оған бармақ түгілі лицензиялық жарыстардың өзіне қатыса алмай отыр. Себебі Қазақстан мал аурулары кеңінен таралған қолайсыз аймақта орналасқан. Халықаралық чемпионаттарға қатысу үшін Еуропада тұрып, ұпай жинау керек.
Әсет Толқынбеков, конкурдан ұлттық құраманың бас бапкері:
- Жарыстарға, олимпиадаға қатысу үшін біз Ресейде 40 күн карантинде тұру керекпіз. Одан кейін ғана шетелге шыға аламыз. Оған дейін Еуропадағы лицензиялық жарыстарға шыға алмаймыз. Кез келген жарысқа бару үшін 2,5 ай уақытымыз жолымызбен және карантинмен кетеді. Сол үшін бізге тиімсіз. Еуропада тұру үшін қаражат жетпейді. Өте қымбат.
Бұл тұрғыда ала шапанды ағайындардың аты озып тұр. Өзбек спортшылары жазда еуропада, қыста Дубайда әлем мықтыларымен бірге дайындалады. Десе де конкуршыларымыз сондай мүмкіндік алдағы уақытта бізге де бұйырып, олимпида жолдамасына таласатындарына сенімді.
Мерей Қанапия, Мадияр Қындыбаев 24KZ.