«Qonaev Cup 2025» халықаралық шахмат турнирі басталды
Алматы облысында «Qonaev Cup – 2025» халықаралық шахмат турнирі басталды.
Аталған жарысқа әлемнің 16 елінен 260-тан астам шахматшы қатысып жатыр. Он күнге созылатын сайыс Masters, Challengers және Open санаттары бойынша швейцарлық жүйемен өтеді. Классикалық турнирдің Masters санатында 62 спортшы бақ сынайды. Оның ішінде 21 гроссмейстер, 24 халықаралық деңгейдегі ойыншы және 2 әйелдер гроссмейстері бар. Халықаралық турнирде 6 жастан 70 жасқа дейінгі шахмат шеберлері өнер көрсетеді. «Qonaev Cup» турнирі 2021 жылдан бері Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен тұрақты ұйымдастырылып келеді. Зияткерлік сайыста 30-дан астам жүлде сарапқа салынады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі 12 тамызда өтеді.
Арна Өмірсерік, турнирге қатысушы:
- Осы «Qonaev Cup – 2025» турнирі мен үшін өте маңызды. Себебі мен көп рейтинг көтере аламын. Сосын көптеген менен мықтырақ ойыншылармен ойнап, өзімнің деңгейімді көтере аламын деп ойлаймын. Сондықтан мен оған қатты дайындалдым.