Алматыда спорт фестиваліне екі мыңға жуық адам қатысты
Спорт күні мерекесі Алматыда да ауқымды түрде атап өтілді.
Орталық стадиондағы фестивальге екі мыңға жуық адам қатысып, спорттың 12 түрінен бақ сынады. Алматы - спортшылар ұстаханасы. Ел ішіндегі жарыстарда да, халықаралық спорт додаларында да мегаполис спортшылары биіктен көрініп жүр. Бұқаралық спорт та алдыңғы қатарда. Марафондар Медеудегі баспалдаққа көтерілу сияқты бәсекелерде қала тұрғындары белсенділігімен көзге түседі.
Нұрлан Оспанов, Қалалық ұлттық спорт түрлері клубының басшысы:
- Екі мыңға жуық адам қатысып жатыр. Бұл жерде тек спортшылар емес, спорт ардагерлері, еңбек сіңірген жаттықтырушылар бар. Спорт күнін атап өту мақсатында олардың сіңірген еңбегіне байланысты марапаттау және өзіміздің спорт түрлерін дәріптеу.
Фестивальге спорт мектептері, жеке спорт клубтары мен секциялардың өкілдері қатысты. Бәрі жеңіл атлетика, шахмат, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, баскетбол, каратэ, теннис, күш пен техниканы тоғыстырған грек-рим және еркін күрестен сынға түсті. Ең төзімділер кедергілермен жүгіріп, мықтылар білек күшін салыстырды. Іс-шарадан зейнеткерлер де қалыс қалмады.
Жұпархан Жүйрікбаева, зейнеткер:
- Біз Алматы қаласының «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығынан тоғызқұмалаққа қатысып жатырмыз. Өз басым тоғызқұмалақты орталықта үйрендім, біраз ғана уақыт болды. Аз уақытта сондай жақсы жетістіктерге жетіп жатырмыз. Бұл математикалық ойды дамыту, үлкен кісілерге өте керемет, жақсы әдіс, жақсы тәсіл. Үлкен мотивация береді.
Алматы облысының Ұзынағаш ауылынан келген 13 жастағы Жанболат асық ату жарысына өзінің сақасын ала келген. Ол туабітті сал ауруына шалдыққан. Соған қарамастан ұлттық спорт десе ішкен асын жерге қоятындардың бірі.
Жанболат Қуат, Ұзынағаш ауылының тұрғыны:
- Асықпен 5 жасымнан бастап айналысамын. Ауылда есіктің алдында балалармен ойнайтынбыз. Маған өте ұнайды. 5 жасымнан бастап 500 асығым болған. Қазір 230 асығым бар. Бұл жарысқа арналған сақам. Бұны маған Ұзынағаш ауылындағы асық атудан аға жаттықтырушы арнайы берген.
Спорт мерекесі инновациясыз өтпеді. Зияткерлік ойын алаңында робот шахматшымен ой таластыруға мүмкіндік жасалды. Бір қызығы - ойын барысында көп жағдайда робот емес, қарапайым ойыншылар басым түсіп жатты.
Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев, 24KZ