Анастасия Молчанова стенд атудан Азия чемпионатында қола жүлде жеңіп алды
Молчанова – қола жүлдегер! Шымкент қаласында спорттық ату түрлерінен Азия чемпионаты жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Жарыстың алғашқы күндері қоржынымызға қола түсті. Оны стенд ату шебері Анастасия Молчанова жеңіп алды. Анастасия іріктеу кезеңінде 339 ұпай жинап, сенімді түрде финалға шықты. Ал финалдық сында 45 ұпай еншілеп, үшінші орынға тұрақтады. Күміс пен алтын Қытай өкілдеріне бұйырды. Яғни, 56 ұпай жинаған Че Юфэй күміс, ал 57 ұпай жинаған Цзян Ютин алтын жүлдегер атанды.
Айта кетейік, Шымкенттегі Азия чемпионатына 27 елден 800-ге жуық сұрмерген қатысып жатыр. Олар екі апта бойы өзара мықтыны анықтайды. Жарыста 700 медаль сарапқа салынады.