Айдос Сұлтанғали елге оралды

Грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған Айдос Сұлтанғали елге оралды, деп хабарлайды 24kz.

Астана әуежайына жиналған жұртшылық оған құрмет көрсетіп, ыстық ықыласпен күтіп алды.

Айта кетейік, отандасымыз 60 келіде қарсылас шақ келтірмеді. Ол алғашқы айналымда америкалық, артынша израильдік, кейін солтүстіккореялық спортшылардан айласын асырды. Жартылай финалда грузин балуанын ұтса, ақтық белдесуде өзбекстандық спортшыны тізе бүктіріп, қазақ еліне тарихи жеңіс сыйлады.

Айдос Сұлтанғали, грек-рим күресінен әлем чемпионы:

- Боксты қараймыз. Бокстан алтын шығады. Жақында еркін күрестен шықты. Енді біздің күресті алған серпін беруге әдемі мүмкіндік болды. Барымызды салып, алтыннан алқа тақтық. Тарихты жаңартқаныма өте қуаныштымын. Қас та жарылып жатыр, құлақ та сынып жатыр. Бастысы еліме алтын алып келу болды.

Қонысбек Төкенов, грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері:

- Енді менде кадеттер арасында әлем чемпионы бар. Жастар арасында 2 рет әлем чемпионын дайындадым. Енді ересектер арасында арманым болған. Сол арманыма жеттім деп ойлаймын. Енді 2028 жылы үлкен арманым бар Олимпиада чемпионын шығару. Сондай мақсатым бар.