Сыр өңірі Айдос Сұлтанғалиды қарсы алды
Грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали туған жері Қызылордаға оралды, деп хабарлайды 24kz.
Сыр саңылағын Қорқыт ата әуежайынан жерлестері ерекше құрметпен қарсы алды. Дүбірлі додада алтыннан алқа таққан оғланды ата-анасы мен туыстарынан бөлек, жас спортшылар мен жанкүйерлер думандатып күтіп алды. Загреб төрінде елдің абыройын асқақтатқан спортшыға қазақтың дәстүріне сай дәм ұсынылып, ақын арнау айтты. Чемпион осы жеңіс жолында өзімен бірге аянбай тер төккен бапкерлері мен спортшы достарына алғысын жеткізді. Айдос Сұлтанғали енді алдағы байрақты бәсекелерге дайындықты бастап кетпек. «Басты мақсатым – Олимпиаданың алтынын жеңіп алу», - дейді күрес шебері.
Айдос Сұлтанғали, грек-рим күресінен әлем чемпионы:
- Он күндей демалып, әрі қарай дайындықты бастаймыз. Түпкі мақсат – келесі жылы Азия ойындары бар, сол жаққа барып, топ жарсақ деген үміттеміз. Сосын 2028 жылы Лос-Анджелесте болатын Олимпиадада алтыннан алқа тақсақ деген үміттеміз.
Сұлтанғали Кеулімжаев, Айдос Сұлтанғалидың әкесі:
- Барша халқымыз шын ниетпен, қуанышпен қарсы алып, қуанышты бөлісіп жатырмыз. Айдосымыздың жеткен жетістігі – көптен күткен жеңіс. Осы жеңіс ізінен ерген жас ұрпақтың тәжірибе алып, біздің қазағымыздың туын әрдайым көкте желбіретіп, тұғыры биікте болсын.