Қайрат - Реал матчы жас футболшыларға жақсы тәжірибе болады
Бүгінгі матч «Қайрат» сапындағы жас футболшыларға тәжірибе жинауға тамаша мүмкіндік береді.
Реалға тегеурін танытса еуропалық беделді клубтардың скауттарының көзіне түсуі де ғажап емес. Кезінде Қайраттың сапында доп тепкен ардагер футболшылар осылай дейді. Бұл биікке клуб тек қазіргі буынның емес, аға толқын ардагерлердің де маңдай терімен жетті. Ендеше тарих беттерін парақтап көрейік.
«Қайрат» клубының іргетасы 1954 жылы «Локомотив» деген атпен қаланды. Кейін «Урожай», одан соң «Қайрат» атауларын иеленді. Бұл ұжым КСРО чемпионатында өнер көрсеткен жалғыз қазақстандық команда. Мәскеудің «Спартак», киевтік «Динамо» сынды алыптармен жасыл алаңда тең дәрежеде бақ сынады. 1986 жылы Кеңес чемпионатының жоғарғы лигасында 7-орын иеленіп, тарихтағы ең үздік нәтижесін көрсетті.
Асқар Қожабергенов, ардагер футболшы:
- 17 жыл карьерам болса, соның 10 жылы Қайраттың сапында өтті. Әрине есте қалған ойындар өте көп. Өйткені мен Совет одағы кезінде де ойнадым Қайратта, содан кейін Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін алғаннан кейін Тәуелсіз Қазақстан кезінде де Қайраттың сапында ойнадым.
Тәуелсіздік алғаннан кейін де клуб дәстүрден жаңылмады. Алғашқы Қазақстан чемпионатында қола жүлде еншілеп, бірнеше мәрте ел кубогын иеленді. 2004 жылы Премьер-лига чемпионы атанып, 2021 жылы УЕФА Конференция лигасының топтық кезеңіне шыққан тұңғыш қазақстандық команда ретінде тарихта қалды. Биыл Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды.
Алмас Құлшынбаев, ардагер футболшы:
- «Қайрат» мен үшін екінші отбасым десем болады. 9 жыл бойы осы клубтың сапында жүріп, талай тарихи сәттердің куәсі болдым. Біз кезінде КСРО-ның мықтыларымен иық тірестік, жеңдік те, жеңілдік те. Бірақ ең бастысы қайраттық рухты сақтап қалдық деп ойлаймын.
Ардагерлердің айтуынша, «Қайрат» тек футбол клубы емес, елдің бірлігін айшықтайтын символ. Стадиондағы әрбір жанкүйердің қолдауы ойыншыларға жігер беріп отырған. Бүгінде олар жас буынның ойынына баға беріп, ақыл-кеңесін аямайды. Қазір жастар ерінбей еңбек етсе Еуропаның азулы клубтарында ойнауға мүмкіндік көп,-дейді Асқар Қожабергенов.
Асқар Қожабергенов, ардагер футболшы:
- Соның бір айғағы Дастан Сәтбаевтың ендігі жылы Европаның бір өте үлкен клубы Челсиға кетейін деп жатқаны. Қазір мына Анарбеков, Қалмырзаның ойындарына қарап, Европаның селекционерлері көзқарасын осы жаққа айналдырып, соларға мұқият қарайтындай сондай дәрежеге осылар жетіп жатыр. Оның бәрі әрине, үлкен мүмкіншілік. Енді осы жасөспірім ойыншылардың өздеріне байланысты осы мүмкіншілікті қалай дұрыс қолдана алатыны.
Қазақ футболының белді клубы «Қайрат» енді мадридтік алыппен жасыл алаңда жолығады. Қай жеңгені үш ұпай еншілеп, турнирдегі жағдайын жақсарта түседі.
Алуа Ералықызы, тілші:
- Кезінде осы алаңда ойын өрнегін көрсеткен ардагер футболшылардың өнегесі - бүгінгі ұрпаққа бойтұмар. Алдағы матч сол сабақтастықтың жалғасы болмақ. Ал жанкүйер үшін ең маңыздысы алаңдағы жанкешті тартыс пен намысты ойын көру.
Алуа Ералықызы, Радик Джакупов