Түркістан облысында чемпиондарға құрмет көрсетілді

Түркістандық спортшыларға құрмет көрсетілді. Еркін күрестен Хорватиядағы әлем чемпионатында Асылжан Есенгелді қола жүлдегер атанса, қол күресінен Болгариядағы дүниежүзілік бәсекеде шардаралықтар жеңіс тұғырынан көрінді.

Аймақ басшысы Нұралхан Көшеров әлемдік додаларда облыстың ғана емес, елдің абыройын асқақтатқан саңлақтарды жарқын жетістіктерімен  құттықтады. Тарихи жеңіс өңірдегі жас спортшыларға жігер беретінін атап өтті.

Нұралхан Көшеров, облыс әкімі:

- Түркістан облысы құрылғалы бері еркін күрестен алғашқы рет ересектер арасында қола медальге ие болдық. Асылжан бауырымыз бұл жетістігіне дейін жастар арасында күміс және қола медальге ие болды. Осы айда тағы бір тарихи жетістікке қол жеткіздік. Әлемге әйгілі біздің Шардара армрестлинг мектебі тағы да сенімді ақтады. 19 спортшы әлем чемпионы атанды.

Салтанатты жиында Асылжан Есенгелді мен Айдархан Нұрдәулет, Зәрубек Санжар пен Ердәулет Мұхамбетовке автокөлік кілті табысталды. Жас спортшыларды қолдау мақсатында команда жетекшісіне 10 млн теңгенің сертификаты берілді.

Еркін күрестен әлем чемпионатының қола жүлдегері:

- Бізді қолдап жатқан барша халыққа үлкен алғыс айтамын. Қолдау көрсетіп, көлік сыйлап жатқандарына рахмет. Келесі жылы да осындай жетістік көрсетіп, тағы да еліміздің көк туын үлкен тұғырдан көрсетеміз деген ниеттеміз.

Айдархан Нұрдәулет, армрестлингтен 12 дүркін әлем чемпионы:

- Болгарияның Албена қаласында өткен Әлем чемпионатында 12 дүркін әлем чемпионы атандым. Өте қуаныштымын. Еңбегімізді бағалап, бізге сый-сияпат жасап жатқан облыс әкіміне алғысымызды білдіреміз.

Айта кетейік, Шардара армрестлинг мектебі қол күресінен әлемде алдыңғы қатарда. Бұл ұстаханадан осы күнге дейін 350 Азия, 113 әлем чемпионы шықты.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш