Олимпиада ойындарына 100 күн қалды
Италиядағы 25-ші қысқы олимпиада ойындарының басталуына 100 күн қалды.
Қазақстандық спортшылардың қоржынында әзірге 2 лицензия бар. Екеуінде мәнерлеп сырғанаушыларымыз иеленді. Олимпиадаға қанша спортшы барады деп күтілуде? Тағы кімдер жолдамаға таласады?
Тура 100 күннен кейін Италияның Милан мен Кортина қалаларында 25-ші қысқы олимпиада ойындарының жалауы желбірейді. Төрт жылдықтың басты додасына әзірге 2 отандасымыз жолдама алып үлгерді. Олар мәнерлеп сырғанаушылар Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина. Екеуі де Бостонда өткен әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, ақ олимпиада лицензиясына қол жеткізген еді.
Мейрам Сапарғалиев, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ресми өкілі:
- Спорт түрлері рейтингтік турнир болғандықтан қысқы маусымға қарай спорт түрлерінен жарыстар басталады. Сол рейтингтік турнирдің нәтижесі бойынша лицензияға ие болады. Яғни олимпиада ойындарының басталуына бір ай қалғанға дейін жалғасады. Нақты айтатын болсақ, 20 қаңтарға дейін.
40 шақты спортшы олимпиада жолдамасына таласады. Қазір олар арнайы шақырылған шетелдік мамандардың қол астында жаттығып жатыр. Мәселен конькимен жүгіру мен мәнерлеп сырғанау, шорт-трек пен биатлон және шаңғы мен фристайл-могул секілді спорт түрлерінен қызу дайындық өтуде.
Бағлан Іңкәрбек, Фристайл-акробатикадан ұлттық құраманың бас бапкері:
- Қазір Шерзод, Роман Иванов деген спортшыларымыз бар. Екеуі бір айдан бері Щуцинск қаласында. Физикалық тұрғыда дайындықтан өтіп жатыр. Физикалық жаттығулары мықты. Олимпиадаға 20 күн қалған кезде нақты 100 пайыз белгілі болады. Кімде лицензия бар, кімде жоқ екені.
Қазақстан 1994 жылдан бері 8 қысқы олимпиада ойындарына қатысып, бас аяғы 8 медаль жеңіп алды. Яғни 1 алтын, 1 күміс және 6 қола бар. Алайда соңғы өткен 2022 жылғы Бейжің олимпиадасында спортшыларымыздың қоржыны бос қайтқан еді.
Мейрам Сапарғалиев, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ресми өкілі:
- Спортшылардың физикалық жай-күйін бақылау бойынша Астана Performance Hub деген үлкен ғылыми зерттеу орталығы бар. Қазір тестілік режимде жазғы және қысқы спорт түрлерінен спортшыларымыздың физикалық жай-күйін, дайындық барысын баптап, пысықтау үстінде. Енді біздің спортшылардың олимпидаға киіп баратын формалары туралы айтатын болсақ, олар арнайы конкурстық режимде ауа райына, ауа температурасына байланысты ұсыныстар қабылдануда. Оның да нәтижесі алдағы уақытта белгілі болады.
Төрт жылдықтың басты додасы 6-22 ақпан аралығында өтеді. Қысқы ойындардың ашылуы әйгілі Сан-Сиро стадионында ұйымдастырылып, ақ олимпиада алауы тұтанады.
Авторлары: Мерей Қанапия, Мерей Талап