Өңірлерде жаңа 14 стадион ашылады
Өңірлердегі спорттық интернаттар мен стадиондар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынатын болады.
Облыс орталықтарында демеушілердің қаражаты есебінен жаңа футбол алаңдарының құрылысы жүргізіледі. Мұнымен қоса, нысандарды қайта жаңарту жұмыстары да қатар атқарылмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді. Ақпарынша, Қызылорда қаласында 11 мың көрерменге арналған, УЕФА талаптарына сай, заманауи жабыны бар стадион қолданысқа берілді. Ал Астанада 3600 орындық стадионның құрылысы жүріп жатыр. Оны аяқтау келер жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. Республикада тағы 14 жаңа стадион салу қажеттілігі бар. Бүгінде бұқаралық футболға ерекше назар аударылды. Қазірдің өзінде елімізде 7432 футбол алаңы бар. Оның 1420-сы жөндеуді қажет етуде. Түйткілді шешу үшін жергілікті бюджет пен жеке инвестициялар есебінен 685 жоба іске асырылады.