Темірлан Тілеулес таеквондодан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды
Таеквондодан әлем чемпионатында Қазақстан қоржыны тағы бір медальмен толықты. Бұл жолы Темірлан Тілеулес үздік үштіктен көрініп, әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанды.
Темірлан қола жүлдегер
Темірлан Тілеулес таеквондодан 21 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. 63 келі салмақта өнер көрсететін отандасымыз алғашқы айналымдарда Грекия, палестиналық спортшыларды ұтса, жартылай финалда түркиялық Айдоган Османға есе жіберді. Осылайша Темірлан Тілеулес әлем чемпионатының екінші күнінде ел қоржынына екінші медальды салып отыр.
Темірлан Тілеулес, әлем чемпионатының қола жүлдегері:
- Әрине, «алтын» аламын деген ниетпен келдім. Бірақ әр жарыстың, әр жекпе-жектің өз кемшіліктері мен артықшылықтары болады. Енді сол қатемен жұмыс істеп, кемшілігімізді түзейміз. Бұйырғаны қола болды. Алда басқа жарыстар бар. Соған тыңғылықты дайындалып, мықтылығымды дәлелдеймін.
Еске сала кетейік, Бейбарыс Қабылан да осы әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан еді. Байрақты додаға ел атынан 16 спортшымыз қатысып жатыр. Ертең жарыс жолына медальдан үмітті команда капитаны Батырхан Төлеуғали шығады.
Давран Разиев, Қазақстан U21 құрамасының аға жаттықтырушысы:
- Темірланды айта кетсек, өте қиын топтан шықты. Алғашқы қарсыластары өте мықты еді. Таеквондо жұлдыздары еді. Мысалы, Палестина спортшысы – Олимпиада ойындарының қатысушысы. 4 жекпе-жек жеңіп, жартылай финалға шығып, онда түрік спортшысына қарсы жақсы өнер көрсетті. Өкінішке қарай, соңғы секундта ұпай шығарып, жеңіліп қалды.
«Қайрат» ойыншылары елордаға келді
Алматының «Қайраты» Астана Аренада жаттығу жиындарын бастап кетті. Оразбахтин шәкірттері Чемпиондар лигасы аясында «Олимпиакосқа» қарсы ойынға қызу дайындыққа кірісті. Бастапқыда кездесу Алматыда өтуі тиіс болған. Бірақ күн райына байланысты клуб басшылығы ойынды Астанаға ауыстырды. Матч билеттерінің бағасы 15 мың мен 50 мың теңге аралығында сатылып жатыр. Кездесу 9 желтоқсанда, 20:30-да басталады.
Асқар Хамиден, сарапшы:
- «Олимпиакостың» ұшып келу уақыты, ауа райының қолайсыздығы «Қайратқа» кішігірім басымдық береді. Бірақ «Қайраттың» ең осал тұсы команданың ойын тәжірибесі қалып қойды. Себебі ішкі біріншілік аяқталды. Одан кейін спаринг, яғни жолдастық кездесу өткізетін командалар жоқ. Сондықтан осы тұрғыдан алған кезде «Қайратқа» кішкене қиындау болады.
Нурмагамед Юсупов келесі айналымда
Бокстан әлем чемпионатында Нұрмагамед Юсупов келесі айналымға жолдама алды. Ұлттық құрама сапынан алғаш болып жарыс жолына шыққан отандасымыз 92 келіде тәжікстандық спортшымен жұдырықтасып, бірінші раундта-ақ нокаудқа жіберді. Дубайдағы әлем біріншілігі ашық аспан астында өтіп жатыр. Оған 100-ге жуық елден былғары қолғап шеберлері жиналды. Жарыста ел атынан 13 боксшымыз өнер көрсетеді. Арасында Сәкен Бибосынов, Серік Теміржанов, Абылайхан Жүсіпов сынды тәжірибелі боксшыларымыз бар.
Сәкен Бибосынов, бокстан ұлттық құрама мүшесі:
- Дайындығымыз өте жақсы. Бабымыздамыз. Енді бағымыз бен бабымыз қатар шауып, шаршы алаңда жақсы нәтиже көрсетіп, елге аман-есен абыроймен, жеңіспен оралғымыз келеді. Ташкентте Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Қазақстан құрамаларының бірлескен оқу-жаттығу жиыны өтті. Ол жерде өзбек боксшыларының соңғы әлем чемпиондары, біздің чемпиондар, ол жақтың 1, 2, 3, 4, 5-ші нөмірлі боксшыларымен кездесіп, спарринг өткіздік. Қарсыластарды зерттедік.
Геннадий Головкин есімі Даңқ залына енді
Геннадий Головкин ресми түрде Халықаралық бокстан Даңқ залына енді. Ол бұл мәртебеге ие болған алғашқы қазақстандық спортшы атанды. Сарапшылар жыл сайын әлемдік боксқа елеулі үлес қосқан боксшыларды марапаттайды. Олардың қатарына енді отандасымыз қосылды. Головкин кәсіпқой рингте 45 кездесу өткізіп, соның 42-сінде жеңіске жетті.