Қазақстандық ауыр атлет әлем чемпионатында 6-шы орынға ие болды
Қазақстандық ауыр атлет Любовь Ковальчук Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатындағы жарысын аяқтады, деп хабарлайды 24KZ Olympic.kz сілтеме жасап.
Отандасымыз 86 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қоссайыстың қорытындысы бойынша алтыншы орынға тұрақтады.
Ковальчук жұлқа көтеруде 116 келіні бағындырса, серпе көтеруде 147 келіні еңсерді. Осылайша, спортшының жалпы нәтижесі 263 келіні құрады.
Бұл салмақта Қытай өкілі Ли Янь 317 келі (147+170) нәтижесімен әлем чемпионы атанды. Оңтүстік Корея спортшысы Пак Хе Джон 286 келімен күміс медаль иеленсе, оның отандасы Ким Хе Ен 277 келіні көтеріп, қола жүлдеге қол жеткізді.