Қысқы Олимпиада ойындарына Шығыс Қазақстаннан төрт спортшы аттанды
Италияда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына Шығыс Қазақстаннан төрт спортшы аттанды. Фристайл могулдан Аяулым Әміренова, Юлия Галышева, Павел Колмаков және Анастасия Городко бақ сынайды.
«Спортшылардың бәрі бабында, дегенмен Аяулым Әміреновадан ерекше үміт күтемін», - дейді жаттықтырушысы Сергей Аксёнов. Бала кезден бері шаңғы тебудің қыр-сырына баулыған шәкіртіне ол күнде хабарласып, жағдайын біліп, жігерлендіруден жалықпайды.
Сергей Аксёнов 25 жылдан бері талай жасты шаңғы спортына баулыған кәсіби жаттықтырушы. Бүгін де таудағы жаттығу кешенінде. Алайда көңілі алаң. Өйткені өзі тәрбиелеген фристайлшы Аяулым Әміренова Италиядағы ақ олимпиадаға аттанды. «Шалғайдағы шәкіртінің жағдайын біліп, жігерлендіріп қою – міндетім», - деп санайды ол.
Өлкеден аттанған спортшылардың барлығы да қарая жаяу емес. «Талай чемпионатта бақ сынап, тәжірибе жинақтаған», - дейді Сергей Аксенов.
Сергей Аксёнов, фристайл спортынан жаттықтырушы:
- Қыздарымыз олимпиада ойындарынан құр қол қайтпайды деп ойлаймын. Мысалы, Анастасия Городконың толық мүмкіндігі бар. Аяулымның да дайындығы керемет. Ең бастысы қателікке жол бермей, жарыс жолын дұрыс бастаса болды.
Сала мамандары да 25-қысқы олимпиадада жергілікті спортшылаға үлкен үміт артып отыр.
Асқар Можанов, Облыстық спорт басқармасының басшысы:
- Олимпиадаға дайындық өз деңгейінде өтті. Жаттықтырушылар да барын салды. Енді спортшыларымыз ел намысын абыроймен қорғап шығады деген сенімдеміз.
Қысы алты айға созылатын облыста тау-шаңғы спортымен шұғылданушыларға мүмкіндік зор. Сырғитын еңіс те жеткілікті. Алты бірдей әлем чемпионатына қатысқан әйгілі фристайлшы Дмитрий Рейхердтің қызы Елизавета шаңғы секциясына үзбей қатысып келеді. Балақай әке жолын жалғастырмақшы.
Елизавета Рейхерд, оқушы:
- Әртүрлі жарыстарды үзбей көремін. Енді бес жылдан соң Олимпиада чемпионы болғым келеді.
Жаттықтырушылармен қатар алдыңғы буынға қарап бой түзеп келе жатқан бұл жас спортшылар да биылғы қысқы Олимпиаданы асыға күтуде. Олар фристайлшылардан бәсекелі ойын, байрақты жеңіс қана күтеді.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин