Оралдағы мұз сарайы қысқы спорт түрлерінің қарқынды дамуына жол ашқан

Италияның Милан және Кортина-’д Ампеццо қалаларында өтетін  XXV қысқы Олимпиададан қазақ жанкүйерлері зор үміт күтеді.

Ел намысын қорғайтын 36 спортшының қатарында Абзал Әжіғалиев те бар.

Бұл Абзалдың төртінші Олимпиадасы. Абзал елорда атынан сынға түскенімен Орал шорт-трек мектебінің түлегі. Бүгінде ұлттық құрама сапында оралдық конькишілер жарқырай өнер көрсетіп, дүниежүзілік додаларда жүлде салып жүр. Шорт-тректің Жайық жағасында тамыр тартқанына биыл 25 жыл. 

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Еуразия даңғылындағы мына мұз сарайының салынғанына биыл 25 жыл. Тәуелсіздіктің 10 жылдығына орай ашылған спорттық нысан Орал өңіріндегі қысқы спорт түрлерінің қарқынды дамуына жол ашты. Батыс қазақстандық балғындар хоккей, мәнерлеп сырғанау және шорт-трекпен шұғылдануға мүмкіндік алды. Соның ішінде шорт-трекшілер аса жоғары жетістіктерге жетті. 

Есқабыл Жалмурзиев мұз сарайының алғашқы директоры. Нысанның салынуынан бастап спортшылардың қалай өсіп-жетілгені көз алдында. Сол жылы Алматыдан арнайы бапкерлер шақыртылады. Абзал  Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Данабек Қайыровтар шорт-трек үйірмесінің табалдырығын алғаш аттайды. 

Есқабыл Жалмұрзиев, спорт ардагері: 

- Шорт-трек үйірмесіне сол жылы мектептерге барып, аулаларды аралай жүріп балаларды жинадық. Беймәлім спорт түрі ғой, содан шығар басында ешкім болмады. Кейін ағылып келді. Ішінен мықтылар іріктелді. Бастапқыда инвентарьдан көп қиындық болды. Шорт-тректің конькиін таба алмай, Зенит зауытында конькидің темір табанын тапсырыспен жасаттық, оны ескі конькилерге байладық. Экипировка, қорғаныс жабдықтары жетпеді. Оның бәрі бүгінде тарихқа айналды. 

Бүгінде қалада 200-дей өрен шорт-трекпен кәсіби түрде айналысады. Оларға барлық жағдай жасалған. Жүлделер де аз емес. Соңғысы ақпанның алғашқы күні қоржынға түсті. Гүлдана Жалмұқан АҚШ-та өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қола медальді жеңіп алды.

Ринат Дүйсенов, БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы:

- Шорт-тректің дамуы өте жоғары деңгейде деп айтуға болады. Себебі тек 2025 жылы көптеген халықаралық жарыстарда үлкен нәтижелерге қол жеткізген болатынбыз. Бізде қазір үміт күтіп жүрген үздік спортшыларымыз да бар Алина Әжіғалиева, Әлішер Абдукатимов. Нұртілек Қажығали. Алдағы уақытта оларға қолдау жасау мақсатында кәсіби клубтарға үздік спортшыларымызды қосып жатырмыз. 

Оралдан шыққан шорт-трекшілердің арасында Абзалдың шоқтығы биік. Бұған дейін Әлем және Азия біріншіліктерінде жүлде салған оралдық оғланның қоржынында тек Олимпиада медалі ғана жоқ. Милан топырағында осы олқылықтың орны толар деп үміттенеді Жайық жанкүйерлері. Абзалдың анасы Шолпан Қайлонова да ұлының тілеуін тілейді. Бір қызығы ол ешқашан баласының жарыс жолына шыққанын көрмеген, теледидардан да тамашаламаған.

Шолпан Қайлонова, Абзалдың анасы:

- Бәлен жылғы еңбегі. Осы шорт-трекпен айналысып жүр бала кезден. Жеңіспен оралуын тілеймін. Ел болып, Қазақстан болып қолдап жатыр ғой, қазақ еліне рахмет айтамын! Абзалдың жарысқа шыққан әрбір сәтін мен қарамаймын, қарамайтын себебім жылдамдықпен келе жатады, өзім сондай қорқамын. Неше түрлі травма алып жатады ғой, сондықтан көрмеймін. 

Миланда өтетін ақ Олимпиадада 36 спортшы ел намысын қорғайды. Олар спорттың 10 түрі бойынша жүлдені сарапқа салады.

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов