XXV Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу рәсімі өтті

Миландағы әйгілі «Сан-Сиро» стадионында 25-ші Қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. 

Стадионның сыйымдылығы 80 мың адам. Биылғы додада ел намысын 36 спортшы қорғайды. Әлем назарын өзіне аударған бұл тарихи шара италиялық мәдениет, заманауи технология мен спорт рухының үйлесімін паш етті. 

Қазақстандық делегацияның туын алғаш рет Денис Никиша мен Аяулым Әмренова алып шықты. Денис Никиша – шорт-тректен 500 метр қашықтықта екі дүркін әлемнің вице-чемпионы. Ал Аяулым Әмренова – фристайлдан ұлттық құраманың мүшесі, Универсиада-2025 жарысының параллель могул сайысында күміс жүлде иеленген спортшы. Айта кету керек, Олимпиада ойындарындағы кейбір жарыстар ресми ашылу салтанатына дейін басталды.

Керлингтен аралас жұптар, әйелдер хоккей құрамалары, сноубордшылар мен мәнерлеп сырғанаушылар алғашқы бәсекелерін өткізіп үлгерді. Алғашқы медаль иегерлері бүгін анықталады. Жалпы биылғы Олимпиадада 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ойындарға 93 мемлекеттен шамамен 2900 спортшы қатысады деп күтіледі. Дода 22 ақпанда мәресіне жетеді.