Қазақстандық дзюдошы Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанды
Қазақстандық дзюдошы Аман Бақытжан Парижде өтіп жатқан Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанды.
Бұл – А санатындағы, жоғары рейтингілік халықаралық жарыс. 22 жастағы спортшымыз 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Үш жарыста жеңіске жеткен дзюдошы жартылай финалға жолдама алып, Украина өкілі Дильшот Халматовқа ғана жол берді. Қола жүлде үшін өткен белдесуде Аман Бақытжан кубалық Джонат Чаронды жеңіп, ел қоржынына турнирдегі алғашқы жүлдені қосты. 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық дзюдошы Есет Қуанов ширек финалға дейін жетіп, өз салмақ дәрежесінде 7-ші орынға тұрақтады. Paris Grand Slam турниріне 78 елден 488 спортшы қатысуда. Қазақстан атынан 14 дзюдошы өнер көрсетіп жатыр. Турнирдің соңғы күні, 8 ақпанда, 61, 90, 100ге дейін және 100 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде белдесулер өтеді.
Аман Бақытжан, Paris Grand Slam турнирінің қола жүлдегері:
- Шыны керек, өзім финалға шығып, чемпион боламын деп ойладым. Кәдімгідей бірінші орын алғым келді. Қазақтардың кім екенін, қай жақтан келгенімді, кім екенімді бүкіл әлемге көрсетуді қаладым. Осымен тоқтамаймыз, алда Әлем чемпионаты, Азия чемпионаты болады, сол жақта топ жарам деп ойлаймын бұйырса. Жеңісімді бүкіл Қазақстанға арнаймын. Еліміз жасасын! Тек алға!