Олимпиада-2026: Норвегия алты медаль жеңіп алды
Аппенин түбегінде өтіп жатқан Ақ Олимпиаданың бесінші күні. Бүгін жеті жерлесіміз үш спорт түрінен жарыс жолына шығады. Әуелі фристайл-могулшы арулар екінші іріктеу сайысына қатысады.
Одан іркілмей өтсе финалдық кезеңде жүлдеге қол созып көреді. Ал шаңғышы Шыңғыс Рақпаров қос бірдей сайыста сыналады. Айша Ракишева мен Милана Генева биатлон жарысында бақ сынайды.
Норвегия 1 күнде 6 медаль жеңіп алды. Италияның Милан және Кортина қалаларында өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарының төртінші жарыс күні аяқталды. Бұл күні 9 медаль жиынтығы сарапқа салынып, жүлде жеңіп алған елдер саны 20-ға жетті. Шорт-трек спортынан аралас эстафетаның жеңімпаздары анықталды. Италия құрамасы 2 минут 39. секунд нәтижесімен мәре сызығын бірінші кессе, Канада және Белгия үздік үштікті түйіндеді. Швеция құрамасы 4-ші жарыс күнінде 4 жүлдені қанжығасына байлады. Ең әуелі, әйелдер арасында шаңғымен сырғанаудан классикалық спринт жарысында швециялық спортшылар алдыңғы үштікті ешкімге бермеді. Сонымен қатар Швеция құрамасы керлинг спортынан аралас жұптық сында топ жарды. Тау шаңғысы спортынан әйелдер командалық слалом жарысында Аустрия құрамасы алтын медаль иеленді. Ал шана спортынан жекелей сында Германия спортшысы мәреге бірінші болып жетті. Сондай-ақ шаңғымен тұғырдан секіру аралас командалық сында Словения құрамасы алтыннан алқа тақты.
Шорт-трекшілеріміз жарыс жолына шықты
Шорт-трекшілеріміздің жолы болмады. Милан мұз аренасында Яна Хан, Ольга Тихонова, Денис Никиша және Абзал Әжғалиев ел намысын қорғады. Ең әуелі әйелдер арасында 500 метрге сырғанаудан бәсекеде Ольга Тихонова 46.385 секунд нәтиже көрсетті. Ал Яна Хан екінші айналымда сүрініп, жарыс жолынан шығып қалды. Осылайша олар бұл сында келесі кезеңге өте алмады. Ерлер арасында 1000 метр бәсекесінде Денис Никиша 1 минут 25.987 секундта өз тобында мәре сызығын үшінші болып кесіп, іріктеуден аса алмады. Қазақстан құрамасы аралас эстафетада Канада, Қытай және Белгия командасымен шеберлік байқасып, мәре сызығын төртінші болып кесті.
П. Колмаков Ақ Олимпиаданың финалына шықты
Павел Колмаков Қысқы Олимпиаданың финалына жолдама алды. Жерлесіміз ерлер арасындағы алғашқы іріктеу жарысында сәтті өнер көрсетіп, 76.24 ұпаймен тоғызыншы орыннан көрінді. Осылайша, ол 12 ақпан күні өтетін финалдық кезеңге тікелей жолдама алды. Ал қазақстандық шаңғышылар спринт жарысын аяқтады. Дарья Ряжко мәре сызығын 55-шы болып кесті. Ал Анна Мельник 58-орын, Надежда Степашкина 63-орын, Ксения Шалыгина 72-орыннан көрінді. Ерлер арасында Виталий Пухкало және Әмірғали Мұратбеков 75-76-шы оырнды қанағат тұтты. Тағы бір ортандасымыз Наиль Башмаков 85-орынға жәйғасты. Айта кетейік, классикалық спринт жарысында алдыңғы 30 спортшы финалдық кезеңге жолдама алады.
Могулшы қыздар екінші іріктеу жарысында бақ сынайды
Жерлестеріміз Италияның Ливиньо қаласында өтіп жатқан фристайл-могул жарысының алғашқы іріктеуінде өнер көрсетті. Қазақстан ұлттық құрамасы сапынан Пхенчхан Олимпиадасының қола жүлдегері Юлия Галышева, әлем чемпионатының екі мәрте қола жүлдегері Анатасия Городко мен Ту ұстаушы Аяулым Әмренова жарыс жолына шықты. Қорытындысында, Анастасия 70.98 ұпай жинап, 12-орыннан көрінді. Ал Юлия Галышева 14-орын, Аяулым Әмренова 20-орынға жайғасты. Ережеге сәйкес, іріктеу кезеңінде үздік 10 спортшы тікелей финалға өтеді. Сол себепті отандастарымыз екінші іріктеуде ақтық сынның тағы 10 жолдамасы үшін бақ сынайды.
Паралимпиада: ел намысын 9 спортшы қорғайды
Қазақстандық атлеттер паралимпиада ойындарына дайындалып жатыр. Биылғы төртжылдық 6-15 наурыз аралығында Италияда өтеді. Байрақты бәсекеде ел намысын 9 спортшы қорғайды. Қазір олардың жартысы Еуропада оқу-жаттығу жиындарында жүр. Ежелгі Верона стадионында өтетін ашылу салтанатында көк туымызды Ербол Хамитов алып шығады.
Е. Рыбакина үшінші айналымға шықты
Елена Рыбакина үшінші айналымға шықты. Дохадағы турнирде 2-ракетка болып тіркелген жерлесіміз екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 33-орында тұрған Ван Синьюйға тап келді. Қарсыластар осыған дейін өзара екі рет кездесіп, онда қазақстандық теннисші жеңген еді. Осы жолы да Рыбакина өзінің мықтылығын дәлелдеді. Енді Елена ширек финалға шығу үшін әлемнің 26-ракеткасы, қытайлық Чжэн Циньвэнь шеберлік байқасады.