Боччадан әлем кубогының жүлдегерлері елге оралды
Қазақстан құрамасы Бразилияның Сан-Паулу қаласында боччадан өткен әлем кубогында сәтті өнер көрсетті. Қоржынымызда бес медаль. Оның бірі – алтын. Жеңімпаздарды бүгін Астана әуежайында ұлттық құрама жанкүйерлері, туған-туыстары мен спорт қауымдастығының өкілдері құшақ жая қарсы алды, деп хабарлайды 24KZ.
Халықаралық жарысқа 26 елдің құрамасы қатысты. Ел намысын қорғаған спортшылар арасынан Қуаныш Асқарбеков алтын медаль тақты. Итиана Шыңғысханова мен Азамат Аманша жекелей сында күміс еншіледі. Командалық сында да біздің спортшылар күміске қол созды.
Қуаныш Асқарбеков, пара спортшы:
– Негізі бірінші орын аламын деп ойлаған жоқпын. Финалға шығуыма Құдай көмектесті деп ойлаймын. Барлық қарсыластарым мықты болды. Бразилияның бірінші нөмірлі спортшысын 7:2 есебімен жеңіп, финалға шығу Алла тағаланың қалауымен нәсіп болды.
Бұл жетістіктің артында жылдарға созылған жаттығу мен табанды еңбек жатыр. Төккен маңдай тер ақталды. Ел намысын асқақтатқан спортшыларымызды Астана әуежайында жақындары мен жанкүйерлері ыстық ықыласпен қарсы алды.
Итиана Шыңғысханова, пара спортшы:
– Ең жағымды әрі күтпеген тосынсый – әуежайдан шыққанда билбордтағы өзімнің үлкен суретімді көрдім. Біз үшін бұл үлкен тосынсый болды. Командалық сайыста күміс жүлде алып келдік. Айтар болсақ, алтынға сәл ғана жетпей қалдық. Ендігі мақсатымыз – келесі жолы алтын медаль жеңіп алу.
Бұл – елде 2021 жылы негізі қаланып, содан бері жүйелі жұмыс жасап келе жатқан бочча мектебінің ауыз толтырып айтарлықтай жетістігі. Ұлттық құрама алдындағы ендігі мақсат – халықаралық жарыстарда рейтингілік ұпай жинап, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін паралимпиада ойындарына жолдама алу.
Нұргүл Ұлжекова, Қазақстан бочча федерациясының бас хатшысы:
– Жоспарларымыз 100 пайыз ақталды деп есептеймін. Өйткені біздің федерациямызға небәрі 5 қана жыл. Сол 5 жылдың ішінде үлкен нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз. Соған тәуба дейміз. Спортшылардың әлем рейтингінде біздің спортшыларымыз үздік ондыққа кіреді деп үміттенемін. Алдағы жоспарда келесі жылы әлем чемпионатына қатысу, Азия-Океания ойындарына қатысу.
Халықаралық додаға спортшылар бірнеше жыл бойы дайындалды. Үшеуі де боччамен 2021 жылы айналыса бастаған. Сол жылы өңірлерде «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы аясында балаларға арналған спорт секциялары ашылды. Осылайша, бейімделген спорт түрімен айналысуға берілген мүмкіндік уақыт өте келе кәсіби мансапқа ұласып, әлемдік аренада ел намысын қорғауға жол ашты.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ерзат Зайытхан, Дмитрий Димитриев