Swat Challenge: жауынгерлер жеңіспен оралды

Жаһандық жауынгерлер жарысының жеңімпаздары елге оралды.

Дубайда өткен Swat Challenge бәсекесінде қазақстандық арнайы жасақ өкілдері қарсылас шақ келтірмей, алғашқы екі орынды қанжығасына байлаған еді. Әлемдік аламанда атой салған батырлар туған жерге жетіп,  жеңісін жерлестерімен бөлісті.

Дубай. Swat Challenge. Мамандар оны «арнайы жасақтардың олимпиадасы» деп те атайды. Жауынгерлердің тактикалық операциялары, төтенше жағдайдағы шеберлігі һәм білегі мен білімі сыналатын байрақты бәсеке. Қазақстанның күштік құрылымы осы емтиханнан сүрінбей өтті. Жерлестеріміз алғашқы екі орынды қанжығасына байлап, әлемді аузына қаратты.

Тұтас жаһанда Қазақстанның жауынгерлеріне тең келетін жасақ жоқ. Шетелік мамандар суот челендж сайысынан кейін батырларымызға осылай таңдай қағып, олардың ерік-жегерін еріксіз мойындады. Ал әлемді аузына қаратқан, теңдесіз батырлар – міне, осы қатарда.Дәл қазір біз мерейлі сәттің куәгері болып отырмыз. Жаңа ғана ұшақтан түскен қаһармандарды күтіп алу үшін олардың жанкүйерлері, күштік құрылым өкілдері жиналған, енді біздің батырлар өзінің тарихи жетістігін жерлестерімен бөлісіп отыр.

Дүбірлі додаға 48 елден 109 команда жиналған. Біздің тараптан 5 құрама барып, барлығы үздік жиырмалықтың қатарына енді. Қазақстан С – 1-орын алса, Қазақстан А – 2-орын иеленді. Ал Қазақстан В – 8-орын, Қазақстан D – 20-орынға жайғасты. Бұл – сөзсіз тарихи жетістік.

Ғизат Нұрдәулетов, ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы:

- Сіздердің жеңістеріңіздің арқасында БАӘ-де еліміздің туы көтеріліп, әнұраны айтылды. Бұл жеңістеріңіз жастарға үлгі-өнеге.

Ал ұшақтан түсіп, құшаққа енген жауынгерлер мәз-мейрам. Қаншама төгілген тердің жемісі жеңіспен келді. Батырлардың бабына шетелдік әріптестері де таңдана қарап, таңдайын қаққан көрінеді. Тіпті отандастарымыздан шеберлік сағатын алуға ниет білдірген.

Әлішер Аманжол, «Kazakhstan – B» командасының мүшесі:

- Әсіресе дайындығымызды сұрап жатыр. Қай жерде дайындалдыңдар, қалай дайындалдыңдар деп. Сол оларға қызық болып тұр. Сол жаққа келген барлық командалар өте жоғары деңгейде бағалап жатыр. Былтырғы көрсеткіштеріміз бар, солардың бәрін ескеріп, бізбен бірге дайындалғылары келіп, сондай ұсыныс тастап жатыр.

Байрақты бәсекенің басты жаңалығы − қыздардан жасақталған Томирис құрамасы. Аруларымыз шетелдің жауырыны қақпақтай жігіттерді жеңіп, жігерін құм құлды. Сөйтіп 18 орынға ие болды.

Наталья, «Tomiris» командасының мергені:

- Бұл жарыста гендерлік айырмашылық жоқ екенін түсіндік. Әйелдерге де, ерлерге де берілетін тапсырмалар бірдей. Бірнеше ай бойы тыңғылықты дайындық жүргіздік. Басты мақсат – барынша үйлесімді жұмыс істеу болды. Қашан 5-6 адам бір команда болып, бірдей ойлап, бірін-бірі сөзсіз түсініп әрекет етсе – сонда ғана жоғары нәтиже болады.

Батыр анадан туады. Гүлбағда Байжігітова сондай ананың бірі. Оның қызы Томирис командасының жетекшісі болды.

Гүлбағда Байжігітова, қала тұрғыны:

- Көңіл-күйіміз керемет болды. Бірде күлеміз, бірде жылаймыз. Олар жүгірсе бірге жүгіреміз. Қазақ қызы керемет намысшыл, қайратты қыздар ғой. Бүкіл қазақстан болып тіледі осы тілекті.

Жарыс барысында бірі қызы үшін тақымын қысса, енді бірі жарына жақтасып, тілеуін тіледі. Батырлардың бабында болуы дәл осы арулардың арқасында болса керек.

Шынар Ұлтанбаева, қала тұрғыны:

- Мен осы жылы күйеуімді күттім, жарыстан көп үйде болмады. 2 ай үйде болмады. Еңбектері ақталды, өте қуаныштымыз.

Қазақстан арнайы жасақтары әлем алдында теңдессіз дене дайындығын, үйлесімді командалық жұмыстың үлгісін көрсетіп, жеңіс жолында жанын аяғамады. Олардың ерік-жігерін өзіміз түгілі өзгелер де үлгі тұтады.

Мүслім, «Kazakhstan – C» командасының мүшесі:

- Шетелдік әріптестер бізбен бірге жаттығу жасап жүрді. Әрбір іс-қимылымызды бақылап, бейнетаспаға түсіріп, өздеріне керек манипуляцияларды алып қолданды. Сіздер не жейсіздер, не ішесіздер, қалай мұндай деңгейге жетуге болады деп айтты.

Жауынгерлердің тарихи жетістігі тиісті деңгейде бағаланады. Мемлекет басшысы жеңімпаздарды арнайы құттықтап, оларға алғысын жеткізді. Оған қоса жоғары деңгейде марапаттау туралы тапсырма берді.

Авторлары: Бекзат Аманов, Марат Диханбаев, Досхан Қораз