С. Самоделкина үздік ондыққа кірді
Екі күннен кейін Қысқы Олимпиада ойындары аяқталады. Әзірге Қазақстан жалпы есепте екі сатыға төмендеп, 19-шы орынға сырғыды.
Алда әлі тоғыз отандасымыз сынға түседі. Софья Самоделкина мәнерлеп сырғанаудан жеке рекордын жаңартып, қысқы олимпиада ойындарының үздік ондығына кірді. Жерлесіміз қысқа бағдарламадан кейін 12-ші орында тұрған еді. Артынша еркін бағдарламада төрешілердің шешімімен 138,99 ұпай жинады. Сәйкесінше, 2 кезең қорытындысы бойынша, 207,46 ұпай еншілеп, оныншы орынға жайғасты. Бұл сында АҚШ өкілі топ жарса, 2-ші, 3-ші орындар жапониялық спортшыларға бұйырды.
Аслан Қаженов, спорт сарапшысы:
- Софьяның алдынғы ондыққа кіруі – өте жақсы нәтиже. Себебі о бастан алдынғы ондыққа кіру керек деген міндет қойылды. Өзінің рекордын жаңартты, туындыларын орындап, элементтерін жасап шықты. Бір жағынан тәжірибе жинап, шеберлігін шыңдады. Жалпы мақсат рейтингте жоғарылау. Байқадық олимпиадада рейтингін қаншалықты жоғары болса, ұпай беруде басымдық жасалады. Сәйкесінше М. Шайдоров соған негіз бола алады.
9 отандасымыз жарыс жолына шығады
Бүгін 3 спорт түрінен 9 отандасымыз жарыс жолына шығады. Әуелі түскі уақытта фристайл акробатикадан Шерзод Хаширбаев пен Асылхан Асан, Дінмұхамед Райымқұлов пен Роман Иванов іріктеу кезеңдеріне қатысады. Кешкісін конькимен жүгіруден 1500 метрлік бәсекеде Надежда Морозова мен Арина Ильященко және Елизавета Голубева өнер көрсетеді. Артынша шорт-тректен Ольга Тихонова мен Яна Хан мұзайдынға шығып, бақ сынайды.
Қазақстан 19-орында
Қазақстан Қысқы Олимпиада ойындарында бір алтынмен жалпы есепте 19-шы орында келе жатыр. Көш басында Норвегия. Қоржындарында 16 алтын бар. Екінші орынға 9 алтынмен АҚШ жайғасса, үздік үштікте Италия құрамасы тұр.
Қазақстан 11 медаль жеңіп алды
Қазақстан құрамасы нысана көздеуден азия чемпионатында 11 медаль жеңіп алды. Отандастарымыз Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен сары құрлық бәсекесінде бас аяғы 4 алтын, 4 күміс және 3 қола иеленді. Әйелдер арасындағы жекелей сайыста София Шульженко мен Елизавета Безрукова топ жарса, ерлерден Ислам Сәтбаев бірінші орын алды. Сондай-ақ Қазақстан әйелдер құрамасы командалық сайыста чемпион болды.