Алматыда мәнерлеп сырғанаудан турнир өтіп жатыр
Алматыда мәнерлеп сырғанаудан Denis Ten Memorial Challenge 2026 халықаралық турнирі өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Белгілі Олимпиада жүлдегері Денис Тенді еске алуға арналған жарыс биыл сегізінші рет ұйымдастырылды. Жылдан жылға ауқымы кеңейіп келе жатқан халықаралық шараға 25 елден келген 150-ге жуық мәнерлеп сырғанаушы қатысуда. Бұл турнирде әлемдік рейтингтер сарапқа салынады. Сондықтан Алматыдағы жарысқа болашағынан үміт күттіретін жасөспірімдермен қатар, халықаралық деңгейдегі додаларда ысылған, білікті мәнерлеп сырғанаушылар да қатысуда. Олардың қатарында АҚШ, Франция, Германия, Канада, Венгрия, Оңтүстік Корея және Жапония спортшылары бар. Қазақстан атынан Софья Самоделкина, Зере Сарбалина, Диас Жиренбаев мұз айдынына шығады. Жарыс бағдарламасы бойынша спортшылар ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сырғанаудан және мұз үстіндегі биден бақ сынайды. Айта кетейік, турнирді «Денис Тен қоры» ұйымдастыруда.
Әсем Қасанова, мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Ұлттық құрамасының жаттықтырушысы:
– Меніңше, біздің әрбір жас мәнерлеп сырғанаушымыз жеңіс тұғырына көтерілуді армандайды. Қазіргі таңда нақты есімдерді атауға әлі ерте, өйткені өздеріңіз көрдіңіздер, бізде жасөспірімдер арасында өнер көрсететін көптеген ұлдар мен қыздар бар. Ересектер арасында да бәсеке мықты. Сондықтан қазір нақты болжам жасап, кімге бәс тігуге болатынын айтуға әлі ерте.