Михаил Шайдоров елге оралды

Футболдан Қазақстан әйелдер командасының бас бапкері тағайындалды. Енді ұлттық құрама тізгінін Бегайым Қырғызбаева ұстайды.

Ол осыған дейін «Оқжетпес», «Елімай» клубтарын жаттықтырды. Сондай-ақ Қазақстан әйелдер құрамасында бас бапкердің көмекшісі болып қызмет атқарған. Қысқы олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров елге оралды. Оны Астана әуежайына жиналғандар құшағын ашып, шашуын шашып ерекше ықыласпен күтіп алды.

Жанкүйерлер түн ортасына қарамаcтан жиналып, чемпионға лайықты құрмет көрсетті. Күтіп алуға Туризм және Спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Ұлттық Олимпиада Комитетінің президенті Геннадий Головкин де келген. Жиын барысында Шайдоровқа 3 бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Оны еліміздің Конькимен мәнерлеп сырғанау одағы сыйлады. Сондай-ақ Софья Самоделкина мен жаттықтырушыларға да бір бөлмелі пәтерден берілді.

Михаил Шайдоров, Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы:

- Түннің бір уағына қарамастан осында келіп, мені күтіп алған жандарға алғысым шексіз. Сыйлықтарыңыз үшін де алғыс айтамын. Көк байрағымыз жоғары көтерілгенде кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Осындай қолдауларыңыз мені одан әрі өсуге шабыттандырады.        

Мәжіліс депутаты: сыннан қорықпау керек

«Келесі қысқы олимпиада ойындарына дейін бірнеше медаль жиынтығы сарапқа салынатын спорт түрлерін дамыту керек». Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов осылай дейді. Әсіресе шаңғы, биатлон, коньки мен шорт-трекке ерекше көңіл бөлу қажет. Сондай-ақ ол бұқаралық спортқа ден қойып, балаларға барынша жағдай жасау қазір өте өзекті екенін айтады.

Данияр Қасқарауов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Сыннан қорықпау керек. Медаль болмай қалса да бізге қазір 1-орында өзімізде бар базаларды реттеп, балалар мен жастар спортына көңіл бөліп, жағдай жасап, шеттен жақсы мамандар тартып, өзіміздің мамандарды қолдап, қаражат айлықтарын көтеріп дегендей осы жақтарына басымдық беру керек.

12 боксшымыз келесі айналымға өтті

Бокстан «Странджа» кубогы жалғасуда. Жарыстың екінші күні шаршы алаңға шыққан 15 отандасымыздың 12-сі келесі айналымға жолдама алды. Ерлерден Бағлан Кенжебек пен Сұлтанбек Айбарұлы, Илья Калинин мен Бекзат Таңатар, Ертуған Зейнуллин, Дәулет Төлемісов, Нурмагамед Юсупов қарсыластарынан басым түсті. Ал әйелдерден Жайна Шекербекова мен Жазира Орақбаев, Әнел Сақыш пен Элина Базарова және Мадина Нұрашева сәтті жұдырықтасып, келесі кезеңге өтті. Айта кетейік, бұл турнирге ел атынан қыз-жігіттерді қосқанда бас аяғы 39 боксшы келді. Соның 8-і жарыстан шығып қалды.