Қазақстандық дзюдошылар жалпы есепте 7-орын алды 

Әбиба Әбужақынова әлемдік рейтингте төмендеді. Бұған дейін көш бастап тұрған еді. Мұны Халықаралық дзюдо федерациясы өзінің ресми сайтында хабарлады.

Ол Аустриядағы гран-при турнирінде күтпеген жерден ұтылып, 5-ші орын алған еді. Сәйкесінше, әлемдік рейтингтегі көрсеткіші төмендеді. 

Дзюдодан Қазақстан құрамасы халықаралық гран-при турнирінде екі медаль жеңіп алды. Оның біреуі – алтын, екіншісі – қола. Сәйкесінше, жалпы командалық есепте 7-орынға ие болды. Жарыстың алғашқы күнінде 60 келі салмақ дәрежесінде Шерзод Давлатов қола еншілеп, үздік үштіктен көрінді. Артынша 81 келіде Әділет Алмат қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Бұл – оның гран-при санатындағы алғашқы алтыны. Айта кетейік, Аустрияда өткен халықаралық жарысқа 59 елден 500-ге жуық спортшы қатысты. Онда ел атынан 20 дюздошымыз бақ сынады.

3 боксшымыз үздік ондықта

Қазақстандық үш боксшы әлемдік рейтингте үздік ондыққа кірді. BoxRec.com сайтының хабарлауынша, ерлерден жеңіл салмақта Махмұд Сабырхан көш бастап тұр. Екінші орынға тағы бір отандасымыз Сәкен Бибосынов жайғасқан. Үшінші орын ресейлік спортшыға бұйырды. Ал әйелдерден Назым Қызайбай 7-орыннан көрінді. Әзірге оның салмағында қытайлық боксшы бірінші, ирландиялық екінші, солтүстіккореялық спортшы 3-орында тұр. Сондай-ақ әйелдерден алғашқы елуліктің тізіміне 4 отандасымыз енген. Алуа Балқыбекова 11-ші, Аида Әбікеева 20-шы, Виктория Графеева 22-ші, Наталья Богданова 35-ші сатыға табан тіреген.     

Рыбакинаның қарсыласы анықталды   

Теннистен Елена Рыбакинаның кезекті қарсыласы анықталды. Бүгін әлемнің үшінші ракеткасы АҚШ тағы турнирдің 3-ші айналымында украиналық Марта Костюкпен кездеседі. Қарсыласы әлемдік рейтингте 28-ші орында тұр. Мамандар бұл ойында қазақстандық теннисшіні айқын фаворит санап отыр. Екеуі осыған дейінгі турнирлерде төрт мәрте кездескен. Жерлесіміз 3 рет ұтып, 1 рет жеңілген.