Дзюдошы М. Байқамұров «Abu Dhabi Grand Slam» жарысының қола жүлдегері атанды
Әмірлік астанасында өткен байрақты бәсекеде отандасымыз 100 келіге дейінгі салмақта үздік үштіктен көрінді. Жарыс жолында Франция, Кипр және АҚШ спортшыларынан жеңді, деп хабарлайды 24KZ.
Ал кіші финалда ресейлік спортшы Сангариевтен басым түсті. Бұл – Марат үшін олимпиадаға ұпай беретін маңызды медаль. Бұған дейін Астанада өткен Grand Slam турнирінде топ жарған еді. Абу-Дабидегі жарысқа Қазақстан ерлер құрамасы атынан 7 дзюдошы қатысты. 60 келіде тағы бір спортшымыз Талғат Орынбасар қолаға қол жеткізді.
Марат Байқамұров «Abu Dhabi Grand Slam» жарысының қола жүлдегері:
- Осы үшінші орын үшін белдесу қиын болды. Оның алдында да ресейлік спортшымен оңай болмады. Бұл – шетелдегі бірінші медалім. Осыған өте қуанышты болып тұрмын. Әттеген-ай, әнұран шырқата алмадым. Мені қолдап жатқан барша жанкүйерге алғыс айтамын. Сосын жеке бапкеріме де көп рақмет.