Талдықорғанда ұлттық спорт саңлақтары сынға түсті
Талдықорғанда роботтар ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті. Балалардың қолынан шыққан құрылғылар асық атып, арқан тартысты.
Осылайша, жас дарындар төл өнерімізбен технологиялық білімді ұштастырды. Инженерлік сайыспен қатар халқымыздың дәстүрлі ойындарынан облыстық жарыс өтті. Құрыш білекті жігіттер аударыспақта сыналса, құралайды көзге атқан мергендер жамбы атудан үздіктерді анықтады. Ат құлағында ойнаған жастар теңге ілуден ептіліктерін көрсетіп, көкпар тартты. Сондай-ақ Наурызнаманың онкүндігі аясында салт-дәстүр мен мәдениетіміз насихатталды.
Нұрислам Рахымбек, оқушы:
- Бұл жердегі роботтар камералар мен сенсорларды қолданып, асықтың орналасуын анықтап, дәл есептеп қажетті күшпен атады. Бұл – ойын қазақ халқының дәстүрі мен технологияны біріктіретін ерекше жоба. Бұндай роботтарды құрастырып, өзіміздің ұлттық ойындарымызды жаңа ұрпаққа қызықты қылып таныстыра аламыз.
Еркебұлан Дуанаев, Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
- Бүгін облыс көлемінде 165-тен астам шара ұйымдастырылып өткізіліп жатыр. Аталған шараларға 2 мыңнан астам облыс тұрғындары қатысып отыр. Біздің ұлттық құндылығымызды жоғалтпауға, ұлттық спорт түрін дамытуға мән береміз.