Астанада семсерлесуден Әлем кубогы өтіп жатыр

Руслан Құрбанов Әлем кубогының күміс жүлдегері атанды. Семсерлесуден алғаш рет Астана қаласында өтіп жатқан айтулы жарыста жерлесіміз екінші орыннан көрінді. 

Финалда ол Украиналық Роман Свичкарьмен шеберлік байқасып, 12:15 есебімен жол берді. Семсерлесуден Әлем кубогы алғаш рет Қазақстанда өтіп жатыр. Елордадағы жеңіл атлетика кешеніне 46 елден 500-ге жуық спортшы жиналды. Сайыс ерлер мен әйелдер арасында жекелей және командалық сындар бойынша ұйымдастырылады. Халықаралық семсерлесу федерациясы жыл сайын осындай жоғары санатта небәрі бес турнир өткізеді. Олар дәстүрлі түрде Швейцария, Германия, Біріккен Араб Әмірліктері және Канадада өтеді. Енді бұл тізімді Қазақстан толықтырып, Орталық Азия өңірінде семсерлесуден Әлем кубогын өткізген алғашқы ел атанды. Отандастарымыз өз жерінде өнер көрсетіп, жанкүйерлер сенімін ақтауға және жүлделі орындардан көрінуге барын салып жатыр. Бүгін ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сынның жеңімпаздары анықталды. Ертең командалық сайыс өтеді.

Сәкен Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

- Біз үшін абырой, үлкен жауапкершілік. Неге десеңіз, семсерлесу қазіргі уақытта қарқынды даму үстінде. Қаншама спортшыларымыз әлем деңгейінде меальдарға ие болып, халықаралық дәрежеде нәтиже көрсетіп жатыр. Сондықтан осындай үйімізде өткізіп жатқан әлем чемпионаты өз әсерін тигізеді деп айтуға болады.