Қазақстанда боксты дамыту тұжырымдамасы бекітілді
Үкімет 2026-2030 жылдарға арналған боксты дамыту тұжырымдамасын бекітті.
Құжат елдегі бокстың дамуын жаңа деңгейге көтеруге тиіс. Мұнда негізгі алты бөлім қарастырылған. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жетілдіру, бұқаралық спортты дамыту, спорт резервін қалыптастыру, ғылыми-әдістемелік және медициналық сүйемелдеу ісін ілгерілету көзделген. Сондай-ақ жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру, халықаралық ынтымақтастық пен кәсіби боксты дамыту сынды бағыттар қамтылған. Айта кетейік, бүгінде ел аумағында 153 мыңнан астам адам бокспен шұғылданады. Өңірлерде 2 мыңнан астам жаттықтырушы жұмыс істеп жүр. Ал ұлттық құрама сапында 595 спортшы бар. Басым бөлігі жастар, балалар мен жасөспірімдерден құралған командалар. Бұдан бөлек спорт мектептерінде 39 мыңнан астам жеткіншек бокспен айналысады.