Бокстан Азия чемпионаты: 13 боксшымыз жартылай финалда
Қазақстандық гимнасшылар әлем кубогінде 2 медаль жеңіп алды. Оның біреуі –күміс, екіншісі – қола. Спортшыларымыз екеуін де ат үстіндегі жаттығуларда еншіледі.
Ұлттық құрама сапына Зейнолла Ыдырысов финалда 14,566 ұпай жинап, екінші орын алды. Артынша, Нариман Курбанов дәл осы бағдарламада үздік үштіктен көрініп, қолаға қол созды.
Бибісара Асаубаева соңғы орынға төмендеді
Бибісара Асаубаева үміткерлер турнирінде қатарынан екі ойында жеңіліп, соңғы орынға төмендеді. 22 жастағы қазақ қызы 6-шы турда үндістандық Дивье Дешмукхпен кездесіп, ұтылып қалды. Ол күні кеше ресейлік шахматшыға да жол берген болатын. Осылайша, Бибісара Асаубаева 1 жеңіс, 3 тең ойын және 2 жеңілістен кейін 2,5 ұпай жинап, туринир кестесінің соңғы сатысына сырғыды. Енді ол осы жарыста көш бастап тұрған украиналық спортшымен кездеседі. Айта кетейік, аталған турнирге 8 шахматшы қатысып жатыр. Олар бір-бірімен екі реттен ойнап шығады. Жеңімпаз қазіргі әлем чемпионы қытайлық Цзюй Вэньцзюньмен ойнау құқығын иеленіп, әлемдік тәжге таласады.
Ж. Құламбаева турнир жеңімпазы атанды
Жібек Құламбаева теннистен Үндістандағы турнирдің жеңімпазы атанды. Ол жұптық сында ресейлік Екатерина Яшинамен бірге өнер көрсетіп, барлық кездесуде жеңіске жетті. Екеуі финалда Германия мен Өзбекстан спортшыларынан құралған дуэтке қарсы жоғары деңгейде ойнап, қарсыластарын оңай ұтты. Қорытынды есеп 2:0. Алғашқы сетте 6:1, екінші сетте 6:4 есебі тіркелді. Айта кетейік, бұл Жібектің Үндістанда қатарынан жеңіп алған үшінші титулы. Ол бұған дейінгі екі аптада осы елде өткен турнирлерде жеңіске жеткен болатын.
13 боксшымыз жартылай финалда
Бокстан Монғолиядағы Азия чемпионаты жалғасуда. Жартылай финалға өткендер саны бойынша Қазақстан 13 боксшымен екінші орында. Бұл тұрғыда Үндістан көш бастап тұр. Олардың 16 өкілі финалдық айқасқа бір табан жақындаса, Өзбекстан 11 спортшымен үшінші орында тұр. Бүгін шаршы алаңға Қазақстан атынан 7 боксшымыз шығып, финалдық жолдамаларды сарапқа салады. Күндізгі сессияда әйелдерден 70 келідегі Бақыт Сейдіш пен 75 келідегі Валентина Хальзова қытайлық спортшылармен жұдырықтасады. Артынша ерлерден Махмұд Сабырхан Монғолия өкілімен қолғап түйістіреді. Ал кешкі сессияда Надежда Рябец үндістандық, Дина Исламбекова өзбек қызымен айқасады. Ал Ертуған Зейнуллинов Тайланд, Төрехан Сабырхан қытайлық боксшымен жекпе-жекке шығады. Ал қалған 6 боксшымыз ертең жарыс жолына шығады.
ҚПЛ: 4-тур ойындары аяқталды
Футболдан Қазақстан премьер-лигасы аясындағы 4-ші тур ойындары аяқталды. Қайрат өз алаңында Астана қақпасына жауапсыз 4 гол соғып, ел классикода жеңіске жетті. Елордалық “Жеңіс” пен көкшетаулық “Оқжетпес” арасындағы кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. Дәл сондай есеп Ұлытау мен Ақтөбе, Ордабасы мен Атырау арасында тіркелді. Ал семейлік “Елімай” қостанайлық “Тобылды” 1:0 есебімен тізе бүктірді. Артынша павлодарлық “Ертіс” пен өскеменнің “Алтайы” және Каспий мен Жетісу арасында да 1:0 есебі тіркелді. Сондай-ақ, қызылордалық “Қайсар” мен петропавлдық “Қызылжар” 0:0 есебімен тең тарқасты. Дәл қазір турнирлік кестеде “Қайрат” 10 ұпаймен көш бастап тұр. Ал екінші орынға талас жоғары. Мәселен Ордабасы, Елімай, Оқжетпестің еншісінде 8 ұпайдан бар.