Көкпар тартып, жамбы атқан...
Ақтөбеде көкпар тартып, жамбы ататындар қатары көбейді. Өңірде ат спорты жақсы дамып келеді.
Ұлттық ойындар ішкі туризмнің бір бағытына айналды. Облыста оннан астам ат клубы бар. Сәйгүлік мініп серуендеуге де болады. Жалпы Ақтөбеде 30 мыңға жуық адам ұлттық спортпен тұрақты шұғылданады.
Дильназ Сағымбай жалқы малының бабын бір кісідей-ақ біледі. Бала кезінде асауды ерттеп мінген. Қалаға келіп, медицина колледжінің студенті атанса да, ат спортынан қол үзбеді. Арнайы мектепке жазылып, жамбы атуды игерді. Басында қыздар аз болатын, - дейді ол. Қазір қатарлары көбейіп, бұрымдылар да тұлпардың тілін тапқан.
Дильназ Сағымбай, студент:
- Жастар арасындағы садақ атуға жарыстарға дайындалып жатырмын бұйырса. Садақ атып жүргеніме 3-4 жылдай болып қалды. Бұйырса жарыстарға енді шығатын боламыз. Қазір байқаймын көбі атқа мінеді, тик-ток түсіреді. атқа шауып адамдардың көп қызығушылығы артып жатыр. Маған келетін қыздар бар, өзімнің қарындастарым бар. Қасымда жетелеп садаққа алып келемін, атқа мінгіземін, бірге осылай ертіп жүремін.
Қаладағы ұлттық спорт мектебінде 700-ден астам оқушы бар. Олар аударыспақ, теңге ілу, көкпар, жамбы атудың қыр-сырын үйреніп жүр. Мектеп түлектері байрақты бәсекелерде талай топ жарды. Мәселен, биыл Түркістанда аударыспақтан өткен «Қазақстан Қабыланы» сайысында Арман Сағымбаев бас жүлде алды.Соңғы жылдары ұлттық спортқа қызығушылар қатары артқан.
Бақтияр Төлеуов, Ұлттық спорт мектебінің директоры:
- Жаппай көкпар дейтін бар. Сонымен жайлап дамып жатыр. Қазірде осы мектептің айналасында атқа қызығатын кәсіпкерлер көп. Көптеген азаматтар ат ұстап жатыр. Өздері команда дайындап, аттарын шаптырып жатыр. Бір шыққанда 100-150 атқа дейін осы Ақтөбеде жиналады. Федерациямен бірігіп көп жарыс өткізіліп жатыр.
Дене шынықтыру және спорт саласына жауапты мамандар ұлттық спорттың бұқаралық сипат алғанын айтады. Сұраныс артқандықтан облыс орталығындағы балалар мен жасөспірімдер мектебі барлық ауданда бөлімше ашқан. Ал қала тұрғындары болса жеке кәсіпкерлер ұйымдастырған серуен клубтарына жазылады.
Жүген тартып, тақым қысып үйренем деушілер түрлі ат спорт клубтарына да жиі келеді. Мұнда қаз-қаз басқан баладан бастап еңкейген қарияға дейін жағдай жасалған. Мұнда арнайы нұсқаушылар серуендеп үйретеді. Тіпті көкпар тартуға да мүмкіндік бар.
Бердіғали Жәкішев, ат клубының нұсқаушысы:
- Жұма күндерінен бастап үш күн толық болады ғой. Ат сағатпен босамайды. Қаланың көбінің қызығушылықтары осы жылқыда. Көп қыздар келеді. Оларды шабуға үйретеміз. Жас балалар да келеді, кішкентай балалар да келеді. Оларды пониға мінгіземіз.
Ат клубында аударыспақ пен көкпардың қазанаттары, тақымы жазық бәйгенің сәйгүліктері де бар. Кезекті қонақтар желдей жүйріктерін таңдады.
Ибрагим Мирзашарипов, қала тұрғыны:
- Біз мұнда апта сайын келеміз. Ағам екеуміз кең далада көсіліп шапқанды ұнатамыз. Он жасымнан бері атқа мініп келемін. Бір сағаттай серуеннен кейін көңілім жадырап қалады.
Адамзаттың қаланың орнына даланы таңдап, белсенді демалысқа бет бұрғаны әлемдік үрдіске айналды. Елімізде де төл спортқа қызығушылық артты. Салт- дәстүріміз туризммен ұштасып, шетелдіктерден сұраныс бар.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов