Елімізде «Кітап оқитын спортшы» жобасы басталды

Қазақстанда 10 мыңнан астам ала доп шебері кітап оқу марафонына қатысады. Ұлттық кітап күні қарсаңында Қазақстан футбол федерациясы мен «Кітап оқитын ұлт» қоры меморандумға қол қойды. 

Маңызды құжат споршылардың шығармашылық қабілетін шыңдау мен оқу мәдениетін дамытуды көздейді. Қос тарап бүгін бірлескен жобаны іске асыру тетіктерін талқылады. Мұндағы мақсат - отандық футболшыларды тәні мықты, рухани бай буын ретінде қалыптастыру. Спорт пен әдебиетті тоғыстырған жобаға қатысушылар 6 ай ішінде өздеріне ұнаған шығарманы таңдап, оны оқуы тиіс. 

Бақытжан Пазылқайыр, ҚФФ Кәсіби клубтар арасында жарыстар өткізу дирекциясының басшысы:

- Бұл марафон сайыс ретінде жүреді. Оның ынталандыруы бар. Әр спортшы өзінің еркімен қатысып, берілген механизмі бойынша кітаптарды оқып, сол уақытта өзінің алған білімін сынақтан өту арқылы дәлелдейді. 

Аян Сакошев, «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының атқарушы директоры: 

- Спорт федерациясының мамандары мен басқа да әдебиет саласының мамандары бірлесе отырып арнайы тізім дайындайды. Мысалы, "Мессидің өмірбаяны" деген танымал кітап бар. Соны ұсынғымыз келеді.