Бокстан әлем кубогі басталды

Назым Қызайбай жаңа салмақта жеңіске жетті.

Бразилияның  Фос-ду-Игуасу қаласында бокстан жылдың басты бәсекелерінің бірі Әлем Кубогі басталды. Қазақстандық құрама үшін сәтті басталды деуге болады. Жарыстың алғашқы күні әйелдер арасындағы сындар өтіп, біздің бұрымды боксшылар арасынан Назым Қызайбай шаршы алаңға шыққан болатын. Айта кету керек, ұлттық құрама капитаны бұл жолы салмағын ауыстырды. Яғни 48 келіден 54 келіге көтерілді. Бұл өзгеріске көпшілік күмәнмен қараған. Десе де, Назым өте сауатты жұдырықтасты. Ол қарсыласы түркиялық Айсен Таскинді үш раунд бойы қысымға алып, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Ең бастысы, осы жекпе-жекте рингті сезініп алды және өз-өзіне деген сенімі артты. Енді Назым 22 сәуір күні польшалық Виктория Рогалинскамен кездесіп, ширек финал жолдамасын сарапқа салады. Бразилиядағы әлем кубогінің жалпы қорытындысы 27 сәуірде белгілі болады.

Екі боксшымыз жеңді, екі боксшымыз жеңілді. Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында қаласында бокстан әлем кубогі басталды. Жарыстың алғашқы күні ерлер арасында 4 бірдей спортшымыз сынға түсті. Ең бірінші болып шаршы алаңға 60 келідегі Жансері Көшербаев шығып, ирландиялық Джуд Галлахерге есе жіберді. Жастар арасында жасындай жарқылдаған Жансері ересектер арасында да барын салып жүр. Десе де, тәжірибе жетіспей жатыр. Қарсыласының соққылары дәл және қарқыны жоғары болды. Бұл жас боксшымыздың шеберлігін шыңдап, тәжірибесін толыстыру үшін жақсы жекпе-жек болды деген үміттеміз. Одан кейін 90 келідегі Дәулет Төлемісов бразилиялық Фильо Исайстен жеңілді. Бұл жекпе-жек негізі тең дәрежеде өтті. Десе де, төрешілер алаң иесін жеңімпаз деп тапты. Осылайша, былтыр 80 келіде әлем кубогін жеңген Дәулет Төлемісов биыл алғашқы айналымнан аса алмады. Ал, кешкі сессияда 70 келідегі Фарух Тоқтасынов ирландиялық Джон Макконелмен кездесті. Бұл әлем кубогі аясындағы ең тартысты жекпе-жектердің бірі десек болады. Оның барысында 3 рет нокдаун ашылды. Бірінші раундта 5:0 есебімен Фарух, екінші раундта 5:0 есебімен Джон жеңіске жетті. Ал үшінші раунда 3:2 есебімен жерлесіміз басым түсіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Қазақстандық боксшылар арасынан ең соңғы болып 80 келідегі Диас Молжігітов шыршы алаңға шықты. Ол жапониялық Кай Ториабені айқын басымдықпен ұтты. Диас жойқын соққыларымен қарсыласын екі рет есеңгіретті. Нәтижесінде, екінші раундта төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Айта кетейік, Бразилиядағы әлем кубогына ерлер арасында 9 боксшымыз аттанды. Оның 7-еуі жарысты жалғастырып жатыр. Байрақты бәсекенің жалпы қорытындысы 27 сәуірде белгілі болады.

Көкпардан Қазақстан чемпионаты өтеді

Көкпардан биылғы ішкі біріншілікке 20-дан аса команда қатысады. Бұл өзіндік рекорд болмақ. Бірер күннен кейін Талдықорған қаласында ұлттық спортымыздан жылдың басты бәсекесі Қазақстан чемпионаты басталады. Оған қазірдің өзінде 17 команда қатысатынын растады. Тағы 4 команданың тіркелуі күтіліп отыр. Қалай болғанда да жыл өткен сайын көкпарға деген қызығулық артып жатыр. Соның арқасында алаңдағы бәсекенің деңгейі де өсті дейді мамандар. Биылғы жарыстың өзіндік ерекшелігі бар. Өйткені дәл осы Қазақстан чемпионатында  мықты жігіттер мен мықты жылқылар іріктеліп, жаңадан ұлттық құрама жасақталады және олар алдағы күзде көрші қырғыз елінде өтетін көшпенділер ойындарына еліміз атынан қатысуға мүмкіндіке алады. Айта кетейік, Талдықорған қаласындағы Қазақстан чемпионаты 1-9  мамыр аралығында өтеді.   

Сәкен Сейітханұлы, Қазақстан көкпар федерациясының ресми өкілі