Kazakhstan Drone Cup республикалық жарысы  басталды

Оралда дрон ұшырудан «Kazakhstan Drone Cup» республикалық жарысы басталды. 

Облыс әкімдігі мен Оқу-ағарту министрлігі бірлесе ұйымдастырған сайысқа Алматы, Астана мен Шымкенттен және 9 облыстан 8-17 жас аралығындағы зейінді оқушылар қатысуда. Жеңіс тұғырынан табылғандар  дүниежүзілік дрон додасында ел намысын қорғайды.

Орал өңірінде дрон спорты қарқынды дамып жатыр. Батыстың балғындары әлемдік ареналарда атой салып жүр. Былтыр оралдықтар АҚШ-тағы турнирде қос күмісті иеленді. Дрон-футболдан Қытайда өткен әлем чемпионатында Сингапур мен Испанияны артта қалдырып, үздік бестікке енді. Бұл жарыста да шеберлігін паш етеді. 

Әлихан Нысанбаев, дрон спорты жарысына қатысушы:

- Мен Қытайға бардым, Америка, Сауд Арабиясы, Сербияға бардым. Және тағы да басқа елдерге бардым. Америкада мен жуниордан екінші орын алдым, ал микродроннан топ онға кірді.

Бақытжан Мәуленов, облыстық техникалық шығармашылық орталығының директоры: 

- Енді бүгінгі жарыста бізде. 72 оқушы тоғыз облыстан келіп отыр. Бүгінгі жеңімпаздар деген әлемдік жарыстарға қатысады. 4 команда АҚШ, 4 команда Тайвань еліне және Германия қаласына жарысқа қатысады. 

Балалардың техникалық шығармашылығын дамытуды мақсат тұтқан дрон додасының ашылуына өңір басшысы да қатысты. Өз сөзінде облыс әкімі бүгінгі шара еліміздің интеллектуалдық әлеуетін паш ететінін атап өтті.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды дамытуды басым бағыттардың бірі ретінде айқындап берді. Президентіміз атап өткендей, дрондар тек бақылау құралы емес, ауыл шаруашылығынан бастап экологиялық қауіпсіздікке дейінгі салалардағы тиімділікті арттыратын интеллектуалды шешім.

Цифрландыру саласындағы стратегиялық мақсаттарды іске асыру жолында өңірде жасанды интеллект мектебі де ашылды.

Е. Жылқайдарұлы. Б. Жарылғасов, Э. Аюпов