Астанада шахматтан ел біріншілігінің финалы басталды

Астанада шахматтан Қазақстан чемпионатының ақтық кезеңі басталды. Оған сайдың тасындай іріктелген 28 шахматшы қатысып жатыр.

Додада болашағынан үміт күттіретін жас ойыншылар да, тәжірибелі гроссмейстерлер мен халықаралық шеберлер де бақ сынауда. Ойыншылар чемпион атағы үшін ғана емес, Қазақстанды халықаралық аренада таныстыру мүмкіндігі үшін де барын салмақ. Ал оқ бойы озық шыққандары Самарқандта өтетін 46-шы шахмат олимпиадасына жолдама алады. Бұл жолғы чемпионаттың жалпы жүлде қоры 20 млн теңге.

Дәрмен Сәдуақасов, Қазақстан Шахмат федерациясының бірінші вице-президенті:

- Қазақстанда кәсіби шахматтың деңгейі жоғары қарқынмен өсіп келеді. Бүгін мұнда ұлттық құрама мүшелерімен қатар жас таланттар ойнайды. Осы тұрғыдан алғанда бірнеше буынның ойынын көру өте қызық. Сайыс тартысты болатын сыңайлы.

Елназ Қалиахмет, Шахматтан 2025 жылдың Қазақстан чемпионы:

- Бар күшімді саламын. Барлығы мықты. Сондықтан да бар күшімді саламын.