Әсем Орынбай Әлем кубогында чемпион атанды

Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Алматы облысындағы Александр Асанов атындағы ату клубында өтіп жатқан Әлем кубогында Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль түсті, деп хабарлайды «24KZ».

ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, «Скит» бағдарламасы бойынша сынға түскен Әсем Орынбай финалдық кезеңде қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмай, чемпион атанды.

Іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен 8 спортшы финалда бірнеше айналым бойы өзара бақ сынады. Шешуші сында Әсем Орынбай Қытай спортшысы Жианг Итингтен басым түсті. Үшінші орынды Италия өкілі Мартина Бартоломей иеленді.

Жүлдегерлер:

1-орын – Әсем Орынбай (Қазақстан)

2-орын – Жианг Итинг (Қытай)

3-орын – Мартина Бартоломей (Италия)

Айта кетейік, Әсем Орынбай 2023 жылғы Әлем кубогында да жеңімпаз атанған. Сондай-ақ оның қоржынында әлем чемпионатының қола жүлдесі, Азия ойындары, Азия чемпионаты және финалдық Әлем кубогының алтын медальдары бар.

43 елден 300-ге жуық спортшы қатысып жатқан Әлем кубогы 10 мамырға дейін жалғасады.