Астанада дзюдодан Grand Slam жарысы басталады

Алматыда күрес түрлерінен Қазақстан кубогі өтеді. Жарысқа елдің әр өңірінен 800-ден астам балуан қатысады. Бәсекенің негізгі мақсаты алда өтетін ірі халықаралық сайыстарға ұлттық құрама жасақтау.

Алғашқы медальдар грек-рим күресінде сарапқа салынса, артынша әйелдер сайысқа түседі. Турнирді еркін күрес шеберлері аяқтайды.

Әлемдік додаға 39 елден 300-ден астам спортшы қатысады. IJF ережесіне сәйкес жеңімпаздар мен жүлдегерлерге әлемдік және олимпиадалық рейтинг ұпайлары үлестіріледі. Мәселен, 1-орынға мың ұпай, екінші орынға – 700, үшінші орынға – 300 ұпай беріледі. Grand-Slam жарысы Қазақстанда осымен 4-ші жыл қатарынан өтеді.

Тимур Болат, Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы:

- Бұл – Олимпиада алдындағы соңғы гранд-слэм. Келесі жылы Астанада әлем чемпионаты өтеді. Олимпиада ойындары өткеннен кейін тағы 4 жылға гранд-слэм аламыз ба, алмаймыз ба сол жерде Халықаралық дзюдо федерациясы мен Қазақстан дзюдо федерациясы өзара шешім қабылдайды.  

Сонымен алғашқы жарыс күнінде ерлер мен әйелдерден төрт-төрттен 8 бірдей отандасымыз боз кілемге шығады. Ерлерден 60 келіде Шерзод Давлатов пен Талғат Орынбасар, Мағжан Шамшадин мен Сұңғат Нұрлатұлы өнер көрсетеді. Ал бұрымдылардан 48 келіде Аяна Дүйсенбай, Диана Буркеева, Іңкәр Құралбай, Тасним Абдуәли бақ сынайды.

Ғайнолла Есенғалиев, дзюдодан ұлттық құраманың жаттықтырушысы:

- Іріктеуіміз Қазақстан чемпионатынан басталды. Сол жарыстан кейін жігіттердің деңгейіне қарай жарыстарға қойыла бастады. Жылдың басынан бері әртүрлі жарыстарда күрестік. Сол жерде кім қандай нәтиже көрсетті соған байланысты осында қойдық. Париж гранд-слэмінен 3 медаль, Австрия мен Тбилисиде алтын болды, Азия чемпионатында алтын болды. Деңгейлері жақсы. Әр жарыстан осылай алтын алып отырса жігіттердің деңгейінің өскені ғой.           

Заңғар Нұрланұлы 3-айналымға шықты

Заңғар Нұрланұлы Германиядағы турнирдің 3-ші айналымына шықты. Отандасымыз екінші кезеңде чехиялық теннисшімен кездесіп, 2:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті. Қос сет қорытындысы бойынша есеп 6:2, 6:1. Ол енді үшінші айналымда литвалық спортшымен шеберлік байқасады. Дәл қазір Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасындағы әлемдік рейтингте 8-ші орында тұр және осы жарыстың бірінші ракеткасы саналады. Тағы бір отандасымыз Даниэль Тазабеков өкінішке қарай аустриялық қарсыласына жол беріп, 2:0 есебімен ұтылып қалды. Айта кетейік, бұл спортшылар үшін Парижде басталатын “Ролан Гаррос” турнирі алдындағы негізгі дайындық кезеңдерінің бірі.       

Көкпардан жартылай финалистер анықталды

Көкпардан ел чемпионатында жартылай финалға жолдама алғандар анықталды. Қостанай облысы ширек финалда Түркістанды 4:3 есебімен ұтса, Шымкент Қарағандыны 11:2 есебімен тізе бүктірді. Алматы облысы Ақмоланы 9:1, жамбылдықтар Жетісу облысынан 8:2 есебімен басым түсті. Бүгін жартылай финалда Қостанай мен Шымкент, Алматы облысы мен Жамбыл кездесіп, ақтық сын жолдамасын сарапқа салады.

Жаныс Саев,  жарыстың бас төрешісі:

- Бұл алдыңғы чемпионаттарға қарағанда деңгейі жоғары болып тұр деп айта аламыз. Себебі толыққанды 19 команда қатысып тұр. Барлық команда жақсы спортшылармен, жақсы дайындықпен келген. Бұрын ойын ережесінде әр топтан 1 командадан шықса, мұнда 2 командадан шығып, 1/8 ойындар өте қызықты, тартысты болып жатқанын көріп тұрсыздар. Енді жеңгендері финалға, жеңілгендері 3-орынға таласады.