Қазақстан ҰОК Шымкентте спорттағы гендерлік теңдікке қатысты семинар өткізеді
Шымкент қаласында «Спорттағы гендерлік теңдік және баршаға тең мүмкіндік» білім беру семинары өтеді.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті ұйымдастырып отыр.
Семинар Азия Олимпиадалық кеңесі мен Халықаралық Олимпиадалық комитет жүзеге асыратын Olympic Solidarity бағдарламасының қолдауымен өтеді.
Семинардың басты мақсаты - спортшылар, жаттықтырушылар және спорт саласының мамандары арасында гендерлік теңдік мәселесіне қатысты түсінікті кеңейтіп, спортпен айналысуға тең жағдай қалыптастыру.
Бағдарлама аясында спортшылардың бапкерлік қызметке бейімделуі, спорт медицинасы, психология және кәсіби даму бағыттары қамтылады.
Семинар соңында ашық форматтағы интерактивті пікірталас ұйымдастырылады. Онда қатысушылар өзара ой алмасып, спорттағы гендерлік теңдікті дамытуға қатысты бастамаларын ұсына алады.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті мұндай білім беру семинарларын тұрақты түрде өткізіп келеді. Онда гендерлік теңдік, спорттық білім беру, спортшылар мен жаттықтырушылардың кәсіби дамуы секілді маңызды бағыттарға ерекше көңіл бөлінеді.
Olympic.kz