Жәнібек чемпиондық атағын қорғайды

Елена Рыбакина Берлин турнирінде бақ сынайды. Жарыс 15-21 маусым аралығында өтеді. Жалпы жүлде қоры 1,2 миллион доллар. 

Жәнібек Әлімханұлы жанкүйерлеріне қуанышты жаңалығын бөлісті. Қазақстандық боксшы желтоқсан айында чемпиондық атағын қорғау үшін жекпе-жекке шығады. Әлеуметтік желіде осындай жазба жариялап, мәлімдеме жасады. Qazaq Style лақап атымен танымал боксшы кәсіпқой рингте бірде-бір рет жеңіліп көрген жоқ. 17 жекпе-жек өткізіп, барлығында да жеңіске жеткен. Соның 12-сі мерзімінінен бұрын яғни нокаутпен аяқталды. Алайда былтыр одан допинг анықталып, IBF нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуінен айырылған еді. Десе де отандасымыз WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы саналады.

Жәнібек Әлімханұлы, кәсіпқой боксшы:

- Мен бокс қолғабын алғаш рет 6 жасымда кидім. 27 жыл болды әлі де рингтемін. Біз осы төрт бұрыштың ішінде болғанның бәрін көрдік. Алда әлі талай нәрсе бар. Мен рингті сағындым. Жанкүйерлердің де бізді сағынғанын білеміз. Желтоқсанда әлем чемпионы деген атағымды қорғаймын. 

Луиш Нани жанкүйеріне жейдесін сыйлады

Луиш Нани стадионда жарақат алған әйелге жейдесін сыйлады. «Ақтөбе» футбол клубының мәліметінше, жанкүйерге ұжым тарапынан қажетті көмек көрсетілген. Тіпті португалиялық футболшы Нани онымен кездесіп, қолтаңбасы қойылған жейдесін тарту етті. Тосынсый мұнымен бітпейді. Жанкүйерге және оның жұбайына 2 маусым бойы футбол тамашалауға тегін абонемент табысталды. Қазір тараптар өзара келісімге келгенін хабарлады. Атап өтейін, Қазақстан кубогі үшін «Ақтөбе» - «Алтай» арасындағы матчта Аянай Елтоқоваға доп тиіп, жарақат алған еді. 

«Ақтөбе» футбол клубы

Орталық стадионда Аянайға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Кейін ол жедел жәрдем арқылы ауруханаға жеткізіліп, қажетті ем-дом шаралары жүргізілді. «Ақтөбе» футбол клубы өз алаңындағы матчтардың ұйымдастырушысы ретінде стадиондағы жанкүйерлердің қауіпсіздігіне жауап береді және бұл бағыттағы жұмысты алдағы уақытта да жалғастырады.     

«Қайраттың» қарсыластары белгілі болды

«Қайрат» UEFA чемпиондар лигасының 2-ші іріктеу кезеңінде «еленбеген»

командалар қатарында ойнайды. Соның салдарынан алматылық клуб мықты қарсыластардың біріне түседі. Олардың қатарында сербиялық «Црвена Звезда», хорватиялық «Динамо Загреб», Польшаның «Лех» және Кипрдің «Омониясы» мен Израильдің «Хапоэль» командалары бар. Ал бірінші іріктеу кезеңінде УЕФА коэффицентіне сәйкес «еленгендер» тізіміне енді. Сәйкесінше, әлсіз клубтардың бірімен ойнайды. Ол қатарда Әзірбайжанның «Сабах», Болгарияның «Левски София», Литваның «Кауно Жальгирис» секілді командалары бар. Былтыр алматылық ұжым іріктеу кезеңдерінен іркілмей өтіп, чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде бақ сынады.