Шайдоров пен министрлік арасындағы дау: мәселе қалай шешілді?
Миланда өткен 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров пен ҚР Туризм және спорт министрлігі арасындағы келісімшарт пен қаржыландыру мәселесі оң шешімін тапты. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ»
Мамыр айының соңында Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров сұхбат беріп, Миландағы тарихи жеңісінен кейін өзіне және оның командасына жалақы төленбегенін, сондай-ақ медициналық қолдаудың тоқтағанын мәлімдеген болатын. Бұл ақпарат қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Министрліктің түсіндіруінше, қаңтар-ақпан айларының жалақысы ескі келісімшартпен толық төленген. Ал наурыз айынан бастап спортшының чемпиондық мәртебесіне сай жаңа олимпиадалық циклге арналған келісімшартты заңдық тұрғыдан келісу және бекіту процесі жүргізілгендіктен, төлемдер уақытша тежелгенін хабарлаған.
Бүгін, 1 маусымда Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев тараптардың ортақ мәмілеге келіп, жаңа еңбек шартына ресми түрде қол қойғанын жеткізді.
Министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес, Михаил Шайдоров жаңа маусымға дайындық жұмыстарын пысықтау үшін 5 маусымда АҚШ-қа аттанады.
Шетелге кетер алдында спортшы өз командасымен бірге Туризм және спорт министрлігіне арнайы кездесуге келеді. Ресми кездесуде келесі Олимпиадаға дайындық жоспары мен Қазақстанда мәнерлеп сырғанау спортын дамытудың бағыттары талқыланбақ. Ведомство Шайдоровты ел спортының мақтанышы ретінде алдағы уақытта да жан-жақты қолдайтынын мәлімдеді.