Astana Half Marathon жарысы өтті
Осымен бесінші мәрте ұйымдастырылған жаппай жүгіруге әлемнің 30-дан астам елінен 7 мыңға жуық адам қатысты. Олардың қатарында әуесқой спортшылар да бар.
Тәуелсіздік алаңынан бастау алған жартылай марафон, Сарайшық және Шәмші Қалдаяқов көшелері арқылы Астананың сол жағалауын қамтыды. Жаппай жүгіріске қатысушылар 21 және 10 шақырымдық жарыстан бөлек, тағы 2 қашықтықта бақ сынады. Олар 10 шақырымдық скандинавия жүрісі және «Экиден» командалық эстафетасы бойынша сайысты.
Темірхан Әлімбаев, Halyk Bank атынан жарысқа қатысушы:
- Бірінші рет емес, бұрыннан қатысамыз. Осы жылы жаңа рекордтар орнаттық. Өте қуаныштымын. Ұйымдастырушылар өте керемет ұйымдастырған. Халық банкте мен 16 жылдан артық қызмет атқарамын. Түрлі бағытта жұмыс істейміз.
Жартылай марафонға егде жастағылар да қатысты. Оның ішінде көпжылдық тәжірибесі бар әуесқой марафоншы Марат Бәукеновті атауға болады. Жетпістің желкенін керген зейнеткер жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Марат Бәукенов, жарысқа қатысушы:
- Мен үйде отырмайтын зейнеткермін. Мен көбіне айтамын, диваннан тұрып далаға шығыңдар, жаяу жүріңдер деп. Денсаулыққа пайдалы болады ғой. Қазір қоржынымда 182 медалім бар. Дуатлон, марафон. Биыл 7 ақпанда екі аталымда 1-орын алдым.
Бас серіктес Halyk Bank соңғы 4 жыл бойы жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысып келеді. 2024 жылы бесжылдық меморандумға қол қойылған болатын.
Нариман Мұқышев, Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары:
- Біз шамамен 10 жылдан бері түрлі марафонды тұрақты түрде қолдап келеміз. Бұл жартылай марафонның өтуіне де бірнеше жылдан бері атсалысып жүрміз. Біздің атымыздан 100-ден астам адам жарысқа қатысты. Олардың қатарында кәсіби экиден командасының мүшелері де бар.
Жалпы бұл жарысқа 250-ге жуық шетелдік азамат қатысты. Мәреге бәрінен бұрын жеткен спортшылар естелік медальмен марапатталды.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Мерей Талап, Дмитрий Димитриев