Астанада әлемдік гран-при жарысы өтеді

Астанада 2 күннен кейін таеквондо мен пара таеквондодан әлемдік гран-при жарыстары басталады. Байрақты додаға 38 мемлекеттен 130-ға жуық спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Онда ел намысын 4 жерлесіміз қорғайды, деп хабарлайды 24KZ.

Таеквондодан төрткүл дүние үздіктері Астана төрінде бас қосады. Қатысушылар жүлдеден бөлек рейтингтік ұпайларды сарапқа салады. Олар олимпиадалық 8 салмақта сынға түссе, жерлестеріміз соның төртеуінде бақ сынайды. Мәселен, ерлерден 58 келіде Темірлан Тілеулес пен 80 келідегі Батырхан Төлеуғали шықса, әйелдерден 49 келіде Рита Бакишева мен 57 келіде Мария Севостьянова өнер көрсетеді.

Батырхан Төлеуғали, таеквондодан ұлттық құрама мүшесі:

- Шынымды айтсам, қазақ елінде өтетініне өте қуанып тұрмын. Өйткені бауырларым, отбасым, жанкүйерлерім келеді. Соның бәрін сеземіз, көреміз. Сол жарыстар бөлек психологиялық моралдық тұрғыда күш береді. Сол күшпен өз елімізде шоу көрсетеміз деп ойлаймын. Менде басты бәсекелес бірінші кезеңде шығатын Бразилия өкілі. Ол бала әлем чемпионы, соңғы гран-приде чемпион болды.

Байрақты додаға қатысатын таеквондошылардың деңгейі өте жоғары. Олардың арасында 6 олимпиада чемпионы мен олимпиада ойындарының 13 жүлдегері және 15 әлем чемпионы мен әлем чемпионатының 20 жүлдегері бар.

Темірлан Тілеулес, таеквондодан ұлттық құрама мүшесі:

- Дайындық жақсы. Менде бірінші жекпе-жек қиын болады. Өйткені алғашқы кездесу бірінші нөмірлі ирандық спортшы Зандимен шығамын. Мен онымен Азия ойындарында шыққанмын. Ол рейтингте бірінші тұр. Мен 16-шы болып тұрмын. Енді жақсылап дайындалып, қолдан келгенше тырысамыз.

Ал пара таеквондодан ел намысын 7 салмақта 7 отандасымыз қорғайды. Оның төртеуі ерлер, қалған үшеуі әйелдер арасындағы жекпе-жектерге шығады.

Али Таджик, таеквондодан қазақстан құрамасының жаттықтырушы-кеңесшісі:

- Бұл биылғы ең тартысты жарыс болмақ. Спортшыларымыз деңгейі жоғары қарсыластармен жекпе-жекке шығуға әзір. Біз оған тыңғылықты дайындалдық. Гран-при жарысында жоғары нәтиже көрсетеміз деген үміттемін. Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындары 3 апта бұрын басталып кетті. Қазір олардың физикалық дайындығы мықты. Өздеріне сенімді.

Жарыс 27-29 қараша аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.

Авторлары: Мерей Қанапия, Ғалымжан Абдулахат

Сондай-ақ оқыңыз: