Қазақстанда алғаш рет эстетикалық топтық гимнастикадан чемпионат өтеді

Елордада 13-14 маусым аралығында эстетикалық топтық гимнастикадан Әлем кубогінің III кезеңі мен Азия чемпионаты өтеді. 

Бұны Астана эстетикалық топтық гимнастика федерациясының президенті Әйгерім Әбділдина Орталық Коммуникациялар Қызметінің алаңында айтты. Құрлықтық біріншілік елімізде алғаш рет ұйымдастырылмақ. Оған Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Малайзия, Ресей, Сингапур, АҚШ, Финляндия, Эстония және Жапония спортшылары қатысады. Командалардың турнирлерге дайындығы қаңтар айында басталған. Олар жарыс бағдарламаларын жаңартып, халықаралық старттарға қатысып үлгірген. Айта кетерлігі, спорттың бұл түрі елімізде 8 жылдан бері дамып келе жатыр. Осы уақытта 211 халықаралық дәрежедегі спорт шебері және Қазақстан Республикасының 409 спорт шебері даярланды. 

Әйгерім Әбділдина, Астана эстетикалық топтық гимнастика федерациясының президенті:

- Біз 2018 жылдан бастап Қазақстанда дамып жатырмыз. Сол уақыттан бастап бізде өте көп жарыстар болып жатыр. 2023 жылы Алматыда әлем чемпионаты болды. Енді екі күнде өтетені Азия чемпионаты Астана қаласында өтеді. Соған біз сіздерді шақырамыз.