GGG есімі әлем боксының алтын шежіресіне енбек

Фото: inst:gggboxing

Қазақстандық бокс аңызы Геннадий Головкин Халықаралық Бокс даңқ залына (International Boxing Hall of Fame) қабылдау рәсіміне басты қонақтардың бірі ретінде қатысады,  деп хабарлайды   «24KZ»  ibhof.com сайтына сілемте жасай отырып.

Даңқ залына қабылдау рәсімі 2026 жылғы 11–14 маусым аралығында АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында өтеді. Бұл қала бокстың тарихи орталығы ретінде кеңінен танымал.  

2026 жылғы жаңа құрамға Головкинмен бірге Антонио Тарвер және Найджел Бенн сынды танымал боксшылар енген. Головкин ерлер арасындағы «заманауи кәсіпқой боксшылар» санатында таңдалған.

Сондай-ақ тізімге әйелдер боксының өкілдері Наоко Фудзиока мен Джеки Нава да енген. Бапкерлер, төрешілер, дәрігерлер және спорт журналистері де әртүрлі санаттар бойынша Даңқ залының жаңа мүшелері қатарына қосылады. 

Үміткерлерді Америкалық бокс журналистері қауымдастығы мен халықаралық бокс тарихшылары таңдаған.

Геннадий Головкин — Қазақстан спортының ең танымал өкілдерінің бірі. Ол кәсіби мансабында орта салмақта бірнеше мәрте әлем чемпионы атанып, ұзақ жылдар бойы әлемдік рейтингтердің көшін бастаған боксшы ретінде танылған.

Халықаралық бокс даңқ залына қабылдау – спорттағы ең жоғары мәртебелердің бірі. Бұл атақ өз дәуірінде бокста үздік нәтиже көрсетіп, спорттың дамуына елеулі үлес қосқан саңлақтарға беріледі.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз