Бибісара Асаубаева Президентке үндеу жасады: әлем чемпионы неге шағымданды?

Фото: sports.kz

Қазақстандық шахматшы, әлем чемпионы Бибісара Асаубаева әлеуметтік желідегі парақшасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жариялап, спорттық мансабында кездесіп отырған қиындықтар туралы айтты, деп хабарлайды «24KZ».

Шахматшы үндеуін беделді Norway Chess  турниріндегі жеңісінен кейін жариялады. Оның айтуынша, жарысқа дайындық өз қаражаты мен ата-анасының қолдауымен жүзеге асқан.

«Бүгін ең мықты турнирлердің бірі аяқталды. Мен бірінші орынды жарыс аяқталуына бір тур қалғанда қамтамасыз еттім. Осы маңызды турнирге дайындық өзімнің жүлде қаржым мен ата-анамның қаражатына жүргізілді. Секунданттар мен аналитиктердің еңбегі әлі күнге дейін төленген жоқ», – деді Бибісара Асаубаева.

Спортшы соңғы жылдары мемлекеттік қолдау мәселесі қиындағанын атап өтті. Оның сөзінше, шахматтан әлем чемпионы атанғаны үшін төленетін сыйақы көлемі Олимпиада жүлдегерлеріне берілетін төлеммен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

«ҚР Туризм және спорт министрлігінің әлем чемпионатындағы жеңіс үшін беретін сыйақысы – 2 мың доллар. Ал Олимпиада медалі үшін 250 мың доллар төленеді. Қазақстанда меннен басқа ересектер арасында әлем чемпионы атанған шахматшы жоқ», – деді ол.

Сондай-ақ Бибісара 2025 жылдан бастап министрлік желісі арқылы алатын жалақысының үш есеге қысқарғанын мәлімдеді.

Шахматшы әлем чемпионатындағы үшінші алтын медальдан кейін әлемдік тәж үшін өтетін үміткерлер турниріне жолдама алғанын, алайда маңызды жарысқа дайындық үшін қажетті қаржының толық бөлінбегенін айтты.

«Мен маңызды турнирге секунданттарын өзімен бірге апара алмаған жалғыз шахматшы болдым. Олар қашықтан жұмыс істеді. Соған қарамастан турнирде екінші орын алдым», – деді спортшы.

Бұдан бөлек, Асаубаева Президент жарлығымен өзіне берілген ІІ дәрежелі «Барыс» орденін әлі күнге дейін алмағанын жеткізді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз